Биылғы 7 айда ұлттық парктерге келушілер қатары 2 миллионға жуықтады, деп хабарлайды Travelpress.kz.
2025 жылдың 7 айында Қазақстанның ұлттық парктері 2 миллионға жуық туристі қабылдады. Бұл еліміздегі табиғи және экотуризмге деген қызығушылықты көрсетеді.
Келушілер саны бойынша «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көш бастайды. Биылғы қаңтар-шілде айлары ішінде паркке 600 мыңнан астам турист барған. Ақмола облысында орналасқан бұл ұлттық паркті қарағайлы ормандардың, жартастар мен көлдердің бірегей үйлесіміне байланысты «қазақстандық Швейцария" деп атайды. Бурабай - отбасылық, сауықтыру туризміне және белсенді демалыс түрлеріне арналған танымал бағыттардың бірі.
Екінші орынды Алматы қаласына жақын орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі иеленді. 7 айда оның табиғи ландшафттарын 507 541 турист тамашалады. Парк аумағы флора мен фаунаның алуан түрлілігімен, таудағы бағыттарымен ерекшеленеді және экологиялық туризм бойынша сұранысқа ие орындардың бірі.
Үштікті Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Бұл табиғи нысанды 350 мыңнан астам адам аралаған. Оның аумағындағы Көлсай мен Қайыңды көлдері - парктың басты табиғи нышандары.
Туристердің саны бойынша Шарын және Баянауыл ұлттық парктері де бестікке кіреді.
Шарын ұлттық паркі Алматы облысында орналасқан және бірегей шатқалмен көпшілік арасында танымал. Оған фототуризм, джип-турлар мен этноэкспедициялармен айналысатын саяхатшылар жиі келеді.
Баянауыл - Павлодар облысында орналасқан және Қазақстан аумағында құрылған алғашқы ұлттық парк. Бұл аумақ жұмсақ климатымен, таулы ландшафттармен және көлдерімен ерекшеленеді.