08.12.2024
01:48:37
ru
kz

Шетелдік туристердің өсуіне елдің халықаралық ашықтығы әсер етті - министр

Қазақстан жаңалықтары
16.02.2024
17:13
Шетелдік туристердің өсуіне елдің халықаралық ашықтығы әсер етті - министр
Елордада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризмді дамыту саласындағы 2023 жылғы қызмет қорытындылары мен 2024 жылға арналған басым міндеттері туралы кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Іс-шараға Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, депутаттық корпус, отандық туристік қауымдастықтар мен салалық ассоциациялар, Президент Әкімшілігінің және Үкімет Аппаратының, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, БАҚ және Қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты.


Ермек Маржықпаев өз баяндамасында 2023 жылғы жетістіктерге егжей-тегжейлі тоқталып, ведомствоның ағымдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері мен жоспарларын ұсынды. Министр 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 5,4 млн астам отандық азамат ел ішінде саяхат жасағанын, бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 550 мыңға артық екенін атап өтті.

Сондай-ақ орналастыру орындарында қызмет көрсетілетін шетелдік туристер санының айтарлықтай өсуі тіркелді. 2023 жылдың алғашқы 9 айында бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өсіп (2022 ж. – 609 мың), 830 мыңнан аса адамға жетті. Есептік кезеңде қонақ үйлер, демалыс базалары, жатақханалар және басқа да орналастыру орындары 175 млрд теңгеден астам табыс тапты. Бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңіндегі табыстармен салыстырғанда 36%-ға өскен.

«Шетелдік туристердің өсуіне елдің халықаралық ашықтығы да оң әсер етіп отыр. Қазіргі таңда 82 елден бөлек, Қытай мен Үндістан сияқты ірі туристік нарықтармен визасыз режим жұмыс істейді. Кейінгі уақытта аталған екі елден келетін саяхатшылардың саны айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша біз пандемияға дейінгі көрсеткіштерден асып кетуін ғана емес, сонымен қатар туризмнің негізгі индикаторлары бойынша тарихи максимумға қол жеткізу күтілетіндігін айта кету қажет, бұл біздің индустриямыздың тұрақты дамуын көрсетеді», - деді министр.


Туристік саладағы маңызды бағыттың бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Өткен жылы жалпы сомасы 131,2 млрд теңгеге 33 жоба іске асырылды. Биыл 289 млрд теңгеге 70 жоба жүзеге асырылмақ. Маңызды жобалардың ішінде «Каспий» тұщыландыру зауытының қуаттылығын арттыруды атап өтуге болады. Ол жылы жағажайдың туристік объектілерін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы объектісіне, Атырау қаласындағы Сарайшық қалашығына және Ұлытау облысындағы Жошы хан кесенесіне дейінгі жолдарда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл – мәдени-туристік нысандардың қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.

«Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша басым аумақтардың тізімі 10-нан ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, әр аймақта өсудің ең перспективалы нүктелері анықталды және әрбір дестинацияда басым туристік аумақтар құру жоспарланып отыр. Дамудың нақты учаскелерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктер мен инвестициялық мүмкіндіктерді айқындай отырып, мастер-жоспарлар әзірленеді», - деді Ермек Маржықпаев.


Бұдан бөлек, екінші жыл кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады: әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау (15 мың теңге.); тау шаңғысы курорттары үшін техника мен жабдықтарды (аспалы жолдар, ратрактар, қар генераторлары) сатып алу бойынша өтемақы (25%); туробъектілерді (10%), жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде өтемақы (10%); туравтобустарды сатып алу бойынша өтемақы (25%); санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГУ) субсидиялау (83 300 тг.); балалар әуебилетін турпакет құрамында өтеу (kids go Free).

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдердің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге ұлғайды, осылайша жалпы сомасы 800 млн теңгеден аса өтінім мақұлданды. Kids go free бағдарламасына ерекше тоқталғым келеді. Жобаны іске асырудың барлық кезеңінде бағдарламаны 1600-ден аса отбасы пайдаланды, соның арқасында үш жарым мың бала ел бойынша тегін саяхаттауға мүмкіндік алды», - деп атап өтті ведомство басшысы.


Мемлекет басшысы 2024 жылды Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жариялаған болатын. Іс-шараның ресми ашылу рәсімі 2024 жылдың 29 наурызында Бейжің қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Жыл бойы туризм түрлері бойынша бірқатар тақырыптық апталар өткізіледі, Қытайдың 7 ірі қаласында (Бейжің, Сиань, Шанхай, Үрімші, Гонконг, Ханчжоу, Чэнду) ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесері өтеді деп күтілуде.
Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары отандық туристік саланың дамуындағы оң серпінді атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді, онда негізгі нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер айтылды. Шаралар кешенін іске асыру 2029 жылға қарай саладағы жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін ұлғайтуға және жалпы қосылған құн көлемінің 6 трлн теңгеден астам өсуіне мүмкіндік береді.

«Туризм барлық мүдделі тараптар – мемлекет, бизнес және жұмысшылар үшін мультипликативті әсер ететін бизнестің тиімді түрлерінің бірі болуы керек. Саладағы мынадай бағыттарға назар аударғым келеді: инфрақұрылымды дамыту, заңнамалық өзгерістер енгізу, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу бойынша жұмысты жеделдету және сервистің жоғары сапасын қамтамасыз ету», - деді Роман Скляр.


Сондай-ақ Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары ішкі туризм үшін қолайлы жағдайлар жасауға қатысты қазақстандық туристік қызметтер нарығының елеулі әлеуетін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, өңірлердегі бұл бағыттағы жұмыс жеткіліксіз қарқынмен жүргізілуде және негізгі мәселе әкімдіктердің мүдделілігі және тиісті қаржыландырудың болмауы.

«Өңірлердің әкімдіктеріне туристік нысандарды, сондай-ақ жауапты басшыларды және іске асыру мерзімдерін дамыту бойынша жол карталарын қалыптастыруды тапсырамын. Осы жұмысты бақылауға алуды және санитарлық-гигиеналық тораптардан бастап осы объектілерді тиісті түрде қаржыландыруды және келтіруді қамтамасыз етуді сұраймын», - деді Роман Скляр.

Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.