04.11.2025
03:11:09
ru
kz

Маңғыстауда тарихи туризмді дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан жаңалықтары
03.11.2025
19:14
Маңғыстауда тарихи туризмді дамыту мәселелері талқыланды

Маңғыстауда тарихи туризмді дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


 

Ақтауда ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Тарихи туризмді дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті.


 

Жиын барысында өңірдің туризм саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев өңірдің тарихи және жағажай туризмін дамытуға зор әлеуеті бар екенін атап өтті. 

 


Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Жоспар 9 бағыт бойынша 102 іс-шараны қамтиды. Басты басымдықтар – тұрақты туризмді дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Кендірлі курортты өңірін дамыту, — деді ол.


 

ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ішкі және келу туризмін дамыту, туристер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 

 


Туризм – ұлттық экономиканы әртараптандырудың және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі. Инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет сапасын арттыру арқылы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі тартымды туристік бағытқа айналдыруға болады. Осы бағытта Маңғыстау облысында туризмді дамытуға арналған кешенді жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі бағыттары ретінде тарихи және жағажай туризм түрлері айқындалған, — деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.


 

Маңғыстау облысы тарихи және табиғи туризм жобаларын іске асыруда маңызды өңірлердің бірі саналады. Мұнда жаңа туристік бағыттарды дамыту, сервистік аймақтар құру және заманауи қызмет көрсету стандарттарын енгізу жоспарланған.


 

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар салалық заңнаманы жетілдіру және өңірдің туристік әлеуетін кешенді дамыту мақсатында мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңызын атап өтті.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.