07.12.2024
06:38:59
ru
kz

ҚР МІСЕ-туризм елшілері тағайындалды

Қазақстан жаңалықтары
08.11.2024
15:12
ҚР МІСЕ-туризм елшілері тағайындалды
ҚР МІСЕ-туризм елшілері тағайындалды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жыл сайынғы MICE Ambassador meeting  өткізді. Оның барысында Қазақстандағы МІСЕ-туризмінің 10 елшісі тағайындалды. Олар халықаралық қауымдастықтардың мүшелері және бизнес, ғылым, медицина, мәдениет және басқа да кәсіби салалардың көшбасшылары. 


2021 жылы Kazakh Tourism «MICE-туризм елшісі» бағдарламасын қолға алды. Төрт жыл ішінде 40 елші тағайындалды. Олар Қазақстанды іскерлік туризм орталығы ретінде ілгерілетуге және маңызды халықаралық іс-шараларды тартуға қолғабыс етеді.  Kazakh Tourism мен елшілердің бірлескен күш-жігерінің арқасында елімізде 6 мыңға жуық делегатты біріктірген 11 ірі әлемдік іс-шараны ұйымдастыру құқығы берілді және сәтті өткізілді. Оның арқасында ел экономикасына қосылған жалпы үлес 8 миллион АҚШ долларын құрады. 


«MICE-туризм біздің қалаларымыздың экономикасын дамытуға айтарлықтай мультипликативті әсер етеді. Іскерлік іс-шаралар маусымдықтың туристік нарыққа әсерін азайтуға көмектеседі және турбизнес субъектілеріне табыс табуға жол ашады. Шетелдік іскер туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Біз білім, геология, спорт, туризм және кәсіпкерлік саласында маңызды әлемдік іс-шаралар өткіздік. Мемлекет тарапынан салынған әрбір теңге біздің экономикамызға 3 есе мөлшерде қайтарылады. Жалпы кіріс шетелдік делегаттардың шығыстарынан қалыптасады. Олардың әрқайсысы біздің елімізге келген кезде орта есеппен 1438 доллар жұмсайды. Оның ішінде тек ғимараттарды жалға алу және қонақ үйде тұру ғана емес, көлікті пайдалану, тамақтану және басқа да қызметтерді сатып алу бар», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы. 


Келесі жылы Қазақстан әлемнің 140-тан астам елінен делегаттарды тоғыстырады. Kazakh Tourism және МІСЕ-туризм елшілері 3 ірі халықаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. 


«Мен үшін MICE-туризмінің елшісі ретінде тағайындалу — бұл үлкен абырой және зор сенім. Біз әріптестерімізбен бірлесе 2025 жылдың тамыз айында Қазақстанда ауқымды халықаралық геотехникалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған 40 елден өкілдер қатысады. Бұл біздің туризм саласындағы кәсіпкерлер үшін іскер туристерді тартудың тамаша мүмкіндігі», - деп атап өтті «Қазақстандық геотехникалық қауымдастық» ҚБ бас хатшысы Бибігүл Әбдірахманова.


Биыл Kazakh Tourism ҚР MICE-туризмінің 10 елшісін тағайындады. Олардың ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Нұрлан Байғабылов; өнертану кандидаты Дамир Уразымбетов; Qaz.AI   жасанды интеллектті дамыту қауымдастығының төрағасы Qaz.AI Бақытжан Ешмұхамбетов; «ECO Network» ЖШС негізін қалаушы және инвестор Евгений Мұхамеджанов; «Қазақстан мүгедектер қауымдастығы – гемофилияға шалдыққандар» ҚБ президенті Ақжан Ерікқызы; педагогика ғылымдарының докторы Әбдіманап Жолдасбеков; Қазақстандық геотехникалық қауымдастықтың бас хатшысы Бибігүл Әбдірахманова; Еуропалық академиялық адалдық желісінің мүшесі Яков Воронков; Қазақстан шарап мамандары қауымдастығының президенті Дмитрий Белобровский; Qaz.AI   жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева.


MICE Ambassador meeting қоғамдық ұйымдардың, Қарағанды және Ақмола облыстары туризм басқармаларының, Алматы Туризм бюросының, Астана даму орталығының өкілдерін біріктірді. Кездесуге қатысушылар МІСЕ-туризмді дамытудың негізгі мәселелерін талқылап, алдағы жоспарларын белгіледі.
 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.