27.02.2026
12:57:14
ru
kz

Алматыда жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарын кеңейту жоспарлануда

Қазақстан жаңалықтары
27.02.2026
11:25
Алматыда жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарын кеңейту жоспарлануда

Фото: Kazinform

Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және «Маңғыстау» туристік аймағы кешенді жоспарлар аясында дамытылады, деп хабарлайды TravillPress, KazInform сілтемесімен.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлімдеді.

— Инфрақұрылым құру, инвестициялық жобаларды іске асыру, саланы ілгерілету және цифрландыру шараларын қамтитын кешенді даму жоспарлары бекітілді. Атап айтқанда, Алматы тау кластерін дамытудың Кешенді жоспары аясында жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарын кеңейту және оларды бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарлануда. Қосымша 30 аспалы жол және 161 шақырым шаңғы трассасы салынады. Бұл қазіргі жүктемені азайтып, жыл бойғы туристік ағынды 5 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай шетелдік туристер санының өсім әлеуеті шамамен 1,7 миллион адамды құрайды. Өңірдегі нысандардың жүктемесі мен жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай артады деп күтілуде, — деді ол ОКҚ-дағы брифинг барысында.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жүктемені Щучье мен Бурабай көлдерінен Катаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жүкей көлдеріне инфрақұрылымды дамыту арқылы бөлу жоспарлануда.

Маңғыстау өңірінде «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтары дамытылады, сондай-ақ Бозжыра, Тамшалы сияқты бірегей табиғи нысандардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

— Абаттандырылған жаяу жүргінші маршруттары, шолу алаңдары, визит-орталықтар құрылады. «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту мақсатында биыл мастер-жоспар әзірленеді. Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды 2029 жылға дейін жүзеге асыру қонақүй инфрақұрылымын кеңейтіп, туристер санын қосымша 150 мың адамға арттыруға мүмкіндік береді, — деп қосты Нұрбол Байжанов.

Бұған дейін ол Қазақстандағы орналастыру орындары 2025 жылдың тоғыз айында туристерге 268 млрд теңге көлемінде қызмет көрсеткенін хабарлаған еді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 млрд теңгеге артық.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.
+
Сообщение
+
Заказ звонка
Отправить