Фото: GNTA
Бүгінде саяхат жаңа жерлерді көрудің ғана емес, күнделікті қарбаластан бір сәт алыстап, күш-қуат жинаудың да бір жолына айналды. Біреуге тыныштық керек, енді бірі бірнеше күнін тау арасында өткізгісі келеді, ал кейбір саяхатшылар әдеттегі өмір ырғағынан толық ажырауға мүмкіндік беретін бағыттарды әдейі таңдайды.
Грузияда мұндай демалыстың өзіндік мәдениеті қалыптасқан. Мұнда саяхат бұрыннан теңіз жағасындағы демалыс немесе экскурсиялармен ғана шектелмейді. Жүз жылдан астам уақыт бойы елдің әр өңіріне адамдар минералды су көздері, жұмсақ климат, таза тау ауасы мен тыныштық үшін келеді. Оның үстіне Грузияның басты шипажайларының әрқайсысы мүлде бөлек әсер сыйлайды.
TravelPress.kz Боржоми, Цхалтубо және Саирменің бір-бірінен несімен ерекшеленетінін және қайсысы қандай демалысты қалайтын саяхатшыға көбірек сәйкес келетінін баяндайды.
Боржоми: табиғаттан басталатын демалыс
Көпшілік үшін Боржоми атауы ең алдымен минералды сумен байланысты. Алайда қаланың өзі әйгілі брендті жақсы білетін саяхатшыны да таңғалдыра алады. Боржоми Мтквари өзенінің көркем аңғарында, қалың орман көмкерген тау бөктерлерінің арасында орналасқан. Мұнда апаратын жолдың өзі саяхаттың бір бөлігі іспетті: ирелеңдеген шатқал, тау беткейлері мен салқын ауа қаланың қарбалас тіршілігі артта қалғандай әсер береді.

Боржоми. Фото: GNTA
Қонақтардың көбі алдымен Орталық саябаққа барып, әйгілі минералды суды табиғи көздің өзінен ішіп көреді. Оның дәмі дүкен сөрелеріндегі бөтелкедегі судан едәуір өзгеше: жер астынан жылы күйінде шығып, табиғи минералдарға қанық болады. Жергілікті тұрғындар «нағыз Боржоми осы жерден басталады» деп бекер айтпайды.
Алайда курорттың басты байлығы — айналасындағы табиғат. Қала маңында Еуропадағы ең ірі ұлттық парктердің бірі саналатын Боржоми-Харагаули ұлттық паркі орналасқан. Оның аумағы жүз мың гектардан асады. Мұндағы туристік соқпақтар қысқа серуеннен бастап, тау асулары арқылы өтетін бірнеше күндік жорықтарға дейін мүмкіндік береді.

Боржоми. Фото: GNTA
Сондықтан бүгінде Боржомиге тек сауықтыру шаралары үшін емес, табиғат аясында демалып, жаяу серуендеп, тыныштықта уақыт өткізу үшін де келеді. Бұл — күш жинаудың ең жақсы жолы қозғалыс, таза ауа және орман арасында бірнеше сағат бойы қала шуын ұмыту деп санайтын адамдарға арналған мекен.
Цхалтубо: тарих пен заманауи сауықтыру тоғысқан мекен
Цхалтубоның атмосферасы мүлде бөлек. Кутаисиге жақын орналасқан бұл әйгілі бальнеологиялық курорттың тарихы бір ғасырдан асады. Минералды су көздері, кең саябақтары мен айрықша курорттық сәулеті қаланың өзіндік келбетін қалыптастырған. Бүгінде Цхалтубо сол мұрасын сақтай отырып, жаңа сипатқа ие болып келеді.

Цхалтубо. Фото: GNTA
Қаланы аралап жүріп, зәулім колоннадаларды, кең холдарды, көне ғимараттардың қасбеттері мен жасыл саябақтарды жиі кездестіруге болады. Тарихи нысандардың бір бөлігі қайта жаңғыртылып, жаңа өмірге ие болса, енді бірі ХХ ғасыр сәулетінің өзіндік ескерткіші ретінде сақталған. Олар фотографтар мен сәулет мұрасына қызығатын саяхатшылар арасында да танымал.
Дегенмен Цхалтубоға тек сәулеті үшін келмейді. Курорттың басты байлығы — табиғи радонды су көздері. Олардың температурасы жыл бойы шамамен 33–35 градус деңгейінде сақталады. Сондықтан суды қосымша жылыту қажет емес. Бұл — Цхалтубоның ерекше табиғи қасиеттерінің бірі.
Қазір мұнда түрлі сауықтыру бағдарламаларын ұсынатын заманауи медициналық және wellness-орталықтар жұмыс істейді. Соған қарамастан қаланың баяу әрі тыныш өмір ырғағы сақталған.
Цхалтубоның тағы бір артықшылығы — орналасқан жері. Әйгілі Прометей үңгіріне бірнеше минутта, ал Кутаисиге жарты сағатқа жетпей баруға болады. Сондықтан мұндағы демалысты экскурсиялармен, грузин асханасымен танысумен және Имерети өңіріне саяхатпен оңай үйлестіруге болады.
Саирме: тыныштықтың өзі басты әсерге айналатын жер
Боржоми Грузиядан тыс жерлерде де кеңінен танымал болса, Саирме тәжірибелі саяхатшылардың өзі үшін жаңалық болуы мүмкін. Курорт Имерети тауларында, қалың орман мен минералды су көздерінің арасында орналасқан.
Мұнда келе жатқан жолдың өзінен-ақ туристердің әлдеқайда аз екенін байқауға болады. Экскурсиялық автобустар да, у-шу көшелер де, толассыз туристік ағын да сирек. Оның орнына — тау арасымен ирелеңдеген жол, орманның таза ауасы және жанға жайлы тыныштық.

Саирме. Фото: GNTA
Саирменің тарихы да минералды сулармен тығыз байланысты. Мұндағы су көздерінің минералдық құрамы әртүрлі. Бүгінде олардың айналасында қонақүйлер, SPA-кешендер мен серуендеуге арналған бағыттардан тұратын заманауи курорттық инфрақұрылым қалыптасқан.
Соңғы жылдары курорттың жаңа көрікті орындарының бірі — шатқал үстінен өтетін шыны панорамалық көпір. Одан айналадағы таулардың кең көрінісі ашылады. Дегенмен Саирмеге келетіндердің көбі мұнда әдемі кадр түсіру үшін ғана ат басын бұрмайды.

Саирме. Фото: GNTA
Саирменің басты құндылығы — бірнеше күн бойы ешқайда асықпай өмір сүру мүмкіндігі. Мұндағы мінсіз күнді елестету қиын емес: таңертең орман жолымен серуендеу, тауға қарап террасада кофе ішу, минералды су көзіне бару, кітап оқу және кешті шулы мейрамханада емес, мамыражай тыныштықта аяқтау.
Сондықтан Саирмені ақпарат ағынынан, күнделікті қарбалас пен үздіксіз асығыстықтан шынымен демалғысы келетін адамдар жиі таңдайды.
Үш курорт — үш түрлі мінез
Боржоми, Цхалтубо және Саирме сауықтыру бағыттары ретінде танылғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
Боржоми табиғат аясында көбірек уақыт өткізгісі келетін, тау ішінде серуендеуді демалыстың ең жақсы түрі деп санайтын саяхатшыларға лайық.
Цхалтубо сауықтыруды мәдени бағдарламамен, сәулетпен және Батыс Грузияға жасалатын экскурсиялармен ұштастырғысы келетіндерге қызық болады.
Ал Саирме әдейі тыныштық іздейтін, асықпай демалып, тым болмаса бірнеше күнге қаланың қалыпты ырғағынан ажырағысы келетін адамдар үшін қолайлы.
Саяхатшы қай курортты таңдаса да, грузин гастрономиясы сапардың ажырамас бөлігіне айналады. Бұл да — елдің мінезін, қонақжайлығын және әр өңірінің өзіндік ерекшелігін сезінудің бір жолы.

Грузия дәмі. Фото: GNTA
Бүгінде wellness-саяхат әлемдік туризмнің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналды. Ал Грузия тек жаңа әсер іздеп қана емес, күш-қуат жинап, күнделікті тіршіліктен бір сәт алыстау үшін баратын ел ретіндегі мәртебесін қайта жаңғыртып келеді.
Сапар бағытын жоспарлауға қажетті толығырақ ақпаратты Georgia Travel сайтынан табуға болады.
Оқуға ұсынамыз:
Егер осы күзде Грузияға сапар жоспарлап жүрсеңіз, TravelPress.kz сайтындағы "Күзгі Грузия: жүзім алқаптарынан Қара теңіз жағалауына дейін" материалын оқуға кеңес береміз. Онда бір сапар барысында гастрономиялық жаңалықтарды, тау бағыттарын және Қара теңіз жағалауындағы демалысты қалай үйлестіруге болатынын баяндаймыз.
