«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады

Басты жаңалықтар
30.09.2025
09:00
«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады

«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады, деп хабарлайды Travelpress.kz.


 

Қазақстанда Димаш Құдайбергеннің бастамасымен және ҚХР-дың Hunan Broadcasting System бірлесе жүзеге асырыған халықаралық «Voice Beyond Horizon» жобасының негізгі локациялары бойынша туристік маршрут құрылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.


 

Баспасөз мәслихатына ҚР Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, Hunan TV арнасының «Voice Beyond Horizon» жобасының атқарушы продюсері Ван Чин, жобаның продюсері әрі бас режиссері Луо Синьсин қатысты.


 

Әсел Жанасова бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашатынын және туризм саласында ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Ол Қазақстанды шетелде дәріптеудегі баға жетпес үлесі үшін Димашқа алғыс білдірді.


 

Жоба Қазақстанның 6 өңірін қамтыды: Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия өнерпаздары қатысты.


 

"Осы жоба аясында көптеген құнды дүниелер мәдениет және туризмді дамыту тұрғысынан атқарылды деп ойлаймын. Байқауда қатысушылардың вокалдық мүмкіндіктеріне ғана ден қойылмай,  еліміздің көрнекті жерлерін көрсеттік. Туризм дамыса, экономикамызға үлкен септігін тигізеді деген ниет", - деп атап өтті Димаш Кұдайберген.


 

Орындаушылар пойыз арқылы елімізді аралап, туристік орындармен кеңінен танысты. Түсірілімдер Karavansaray кешенінде, Каспий теңізі жағалауында, Бозжыра шатқалында, Көбейтұз және Қайыңды көлдерінде, Саты ауылында, Қапшағай су қоймасында және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында өтті.


 

Баспасөз мәслихатында Даниел Сержанұлы Қытай туристерінің елімізге деген қызығушылығы артқанын атап өтті. ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420–430 мыңды құраған. Ең жоғары белсенділік Гуандун мен Чжэцзян провинцияларында, Бейжің қаласында, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Шандун провинциясында байқалды.


 

«Бұл Қазақстанның туристік әлеуетіне деген қызығушылық шекара маңындағы аумақтармен шектелмей, Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерін де қамтығанын көрсетеді. Жаңа «Voice Beyond Horizon» жобасы еліміздің туризмін миллиондаған аудиторияға одан әрі таныстырады. Біз осы жобаның негізгі түсірілім орындары бойынша туристік маршрут құруды жоспарлап отырмыз.  Бұл жобаның түсірілім жұмыстарына белсенді қолдау көрсеткен 6 өңірдің әкімдіктеріне және Қазақстанның сұлулығын әлемге танытқан ауқымды жұмыс үшін Hunan Broadcasting System-ге алғыс білдіремін», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.


 

Қатысушылардың өнерін арнайы шақырылған халықаралық қазылар мен көрермендер бағалады. Екі мәрте «Грэмми» сыйлығының иегері Уолтер Афанасьев жоба аясында Түркістанда болды.


 

«Соңғы 22 күн ішінде Қазақстанның әртүрлі мемлекеттік құрылымдарының жан-жақты қолдауының арқасында түсірілім тобымыз мыңдаған шақырымды артта қалдырып, көрікті қалаларға барды: көне Түркістанның тарихи үнін естідік, Каспий жағалауындағы Ақтаудың көркем көріністерінен шабыт алдық, «алма қаласы» атанған Алматының жылулығын сезіндік және футуристік Астананың қарқынды дамуын көрдік. Біз баға жетпес кадрларды таспалап, қонақжай жердің төрінен жүрекке жетер музыкалық із қалдырдық», – деді Hunan TV арнасының «Voice Beyond Horizon» бағдарламасының продюсері және бас режиссері Луо Синьсин.


 

Жоба көрсетілімі аудиториясы 210 миллионнан астам көрерменге жететін Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында және "Қазақстан" корпорациясының ресурстарында жоспарланған.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.