Елімізге Қытайдан келген туристер саны 400 мыңға өсті

Басты жаңалықтар
03.07.2024
09:00
Елімізге Қытайдан келген туристер саны 400 мыңға өсті
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесті. Тараптар кездесу барысында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Travelpress.kz.

«Кейінгі жылдары туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, туристік ағымды ұлғайту мақсатында бірқатар шара қабылданды», - деді министр.


Мәселен, 2023 жылы Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны бірнеше есе артып, 367 мың адамға жеткен. Сонымен қатар былтыр 311 мың қазақстандық турист Қытайға сапарлаған. Бұл – 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп.

Министр қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстер саны аптасына 44 рейске дейін жеткенін атап өтті.

«ҚХР Төрағасының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында біз Қытай медиа корпорациясымен (СМG) елдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында туризм саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз», - деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрі кездесу барысында.


ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» аясында іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, екі ел арасындағы экономикалық, сауда және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту үшін туризм саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Ермек Маржықпаев қытайлық әріптесіне биылғы қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Ұлттық құрамасы өнер көрсететін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін айтты.

2024 жылдың желтоқсанында Алматыда «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» жабылу рәсімін өткізу жоспарлануда.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.