Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кітапта аймақтың туристік мүмкіндіктері, оның ішінде Орталық Азия елдерінің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасы жан-жақты сипатталған. Тұсаукесерге корейлік жетекші туроператорлары, әуе компанияларының өкілдері, сондай-ақ тілшілер қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін айтып, корей азаматтарын іс-шараға шақырды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлетіні және Қазақстан Үкіметінің туристік тартымдылықты арттыруға және инфрақұрылымды одан әрі жақсартуға дайын екендігі атап өтілді.
«Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Чон Гук Корея Республикасы Үкіметінің жақында қабылдаған «K-Silk Road» стратегиясы аясында Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Президенті мен өзге де Орталық Азия елдерінің басшыларымен жүргізген табысты келіссөздерін атап өтті.
Іс-шара барысында корей жазушысы Со Пён Ён өңірдің бірегей туристік бағыттарын сипаттайтын кітабы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол туризмді дамытудың зор әлеуетіне тоқталып, визасыз режимді, тікелей рейстердің қол жетімдігін, бай гастрономиялық мәдениет пен көрікті жерлердің алуан түрлілігін атап өтті.
Іс-шара соңында автор естелік ретінде барлық қатысушыларға қолтаңба қалдырып, кітаптарын сыйға тартты.
Бұл маңызды оқиға Орталық Азияның халықаралық туристік картадағы өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, елдеріміз арасындағы мәдени және достық байланыстарды нығайтты.