Пойызда сәби дүниеге келді

Қазақстан жаңалықтары
11.04.2024
14:10
Пойызда сәби дүниеге келді
Жас ана Зейнеп Әбдікәрімова жүктіліктің соңғы айында анасымен бірге Павлодардан Түркістанға №46 пойызбен жолға шыққан, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы Жолаушылар тасымалы АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Жол барысына жолаушының толғағы басталды. Вагонның екі жолсерігі Анар Амандықова мен Назерке Талғарбаева әйелді аман-есен босандырып, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қыз бала 10 сәуірде сағат 16:30-да дүниеге келді.

Пойыз жолаушылары баланың дүниеге келу сәтіне куә болып, жаңа туған нәрестенің анасы мен әжесіне құттықтау сөздерін білдірді.
Пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Сары-Шаған станциясына келгеннен кейін жас ана мен қыз баланы жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады. Жаңа туған нәрестенің есімін Мереке деп атаған.

Айта кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тұрақты негізде оқиды. Соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 13 сәби дүниеге келді.


 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.