Kazakh Tourism Қытайдың "Jiangsu Soho Culture" компаниясымен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Елдің инвестициялық әлеуеті Қытайдың Jiangsu Soho Holdings Group Co., Ltd. құрамына кіретін Jiangsu Soho Culture компаниясына таныстырылды. Kazakh Tourism кеңсесінде өткен іскерлік кездесуде тараптар event-туризм саласындағы әріптестік бағыттарын талқылады.
Шетелдік компания өкілдеріне еліміздің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, MICE-туризм сегментінде ынтымақтастыққа, инвестициялық келісімдер аясында мемлекеттік жеңілдіктер қолдану мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Қазақстан тарапынан кездесуге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Инвестициялық жобалар және коммерцияландыру департаментінің директоры Әлішер Тұрсын, «Aqmola Invest» инвестицияларды дамыту орталығы» КММ басшысы Олжас Ахметбеков және «Астана» футбол клубының бас директоры Қайсар Бекенов қатысты. Қытай делегациясында Ван Дунвэй мен Хао Жуотун болды.
Келіссөздер барысында Jiangsu Soho Culture компаниясына халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды ареналар, концерттік-спорттық кешендер мен арнайы MICE-алаңдар секілді инфрақұрылымдық нысандарды салуға қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
“Біз халықаралық серіктестермен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз. Jiangsu Soho Culture компаниясымен әлеуетті және ықтимал жобаларды өзара зерделеу - әлемдік деңгейдегі іс-шаралар саласында бірлескен форматтарды қалыптастырудың бір бөлшегі ретінде қарастырылады”, – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Инвестициялық жобалар және коммерцияландыру департаментінің директоры Әлішер Тұрсын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестіктің нақты форматтарын бірлесе пысықтауды жалғастыруға келісті.