Алматыда тау туризм инфрақұрылымы дамып келеді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды радон бұлағына апаратын танымал туристік бағыт – «Алма-Арасан» жаяу жолының жаңғыртылу барысымен танысты. Мұнда қазір тау беткейлері бекітіліп, көпірлер жаңартылып, қауіпсіз жүргіншілерге арналған жолдар, баспалдақтар мен бақылау алаңдары орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар шілде айында аяқталады.
Қала басшысына «Бақыт соқпағы- 2025 жыл» жобасының үшінші кезеңі таныстырылды. Бұл кезеңде жаңа тау бағыттарын, демалуға арналған күркелер, жолсілтемелік тақталар және су мен электр қуатын қажет етпейтін халықаралық стандарттағы экологиялық дәретханалар орнату көзделген.
Экологиялық құрылыс қағидаттарына сай салынған «Аюсай» визит орталығында туристік нысандарға көлікпен жетудің тұжырымдамасы таныстырылды. Атап айтқанда, бұл жобада Үлкен Алматы көліне апаратын жолды жөндеу де қарастырылған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды туристік бағыттардың қауіпсіздігін арттыруды, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауды және туристік инфрақұрылымды қаланың көлік жүйесімен тығыз байланыстыруды тапсырды.