Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінде туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету және екі ел арасындағы туристік ағынды ұлғайтуға бағытталған Қазақстан-Әзербайжан туристік форумы өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, «KazakhTourism» ҰК» АҚ, Әзербайжан Мемлекеттік туризм агенттігі мен Туризм бюросының, AirAstana және FlyArystan әуе компанияларының, Қазаақстан және Әзербайжан туристтік гидтер қауымдастықтарының өкілдері, Алматы және Шымкент қалалары, Маңғыстау облысы туризм басқармаларының басшылары, екі елдің ірі туристік компаниялары, журналистер, танымал әзербайжандық блогерлер, барлығы 70-тен астам адам қатысты.
Елші Әлім Байел құттықтау сөзінде Қазақстан мен Әзербайжанның стратегиялық әріптес және одақтас екенін атап өтті. Екіжақты ынтымақтастық барлық салада, соның ішінде туризмде де қарқынды дамып келеді. Дипломат қазақстандықтардың Әзербайжанға, ал әзербайжандықтардың Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтты.
Әлім Байел 2023 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Орталық Азиядан Әзербайжанға келген әрбір екінші туристтің Қазақстаннан келгенін атап өтті. Былтыр Әзербайжанға 58 мың қазақстандық турист келген. 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында болса Әзербайжанға 38 мыңнан астам қазақстандық турист келіп үлгерген. Жалпы, Әзербайжанға туристік ағынның өсу динамикасы бойынша Қазақстан, Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр.
Кездесу барысында Қазақстанның туризім саласының өкілдері форумға қатысушыларға еліміздің танымал туристік бағыттары туралы айтып берді, Қазақстанның бірегей және көркем табиғатын паш етті, сондай-ақ алдағы 8-14 қыркүйекте Астана қаласында өтетің 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат берді.
Шара аясында AirAstana мен FlyArystan әуе компаниялары лотерея ұйымдастырды. Жеңімпаздарға Әзербайжаннан Қазақстанға тегін әуе билеттері табыс етілді.
Сонымен қатар, форум аясында екі елдің туристік фирмаларының В2В кездесулері өтіп, Қазақстан және Әзербайжан туристік гидтер қауымдастықтары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Осы ретте, 2024 жылдың шілдесінде әзербайжандық саяхат блогерлерінің Қазақстанға бірінші туры өтіп, оның барысында олар Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында, сондай-ақ Алматы облысында болды. Форум барысында турға қатысушылар Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті. Форумға қатысушылар мұндай іс-шаралардың Қазақстанға туристтік сапармен келушілердің санын арттырады деген сенімдерін білдірді.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.