26 қазанынан бастап Air Astana әуе компаниясы 2026 жылдың 28 наурызына дейін жарамды қысқы ұшу кестесін енгізеді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Маусымдық сұраныс ескерілген жаңа ұшу бағдарламасы жолаушыларға Қазақстан ішінде және шетелге ыңғайлы сапарлар жасауға мүмкіндік береді.
Қыс маусымында Азия мен Таяу Шығыстағы демалыс бағыттарына қызығушылық арта түсетінін ескере отырып, Air Astana жаңа кестеде Мальдив аралдарына, Фукуокқа, Дубайға, Бангкокқа және Пхукетке қатынайтын рейстердің жиілігін арттырды.
Air Astana нарықтағы өзгерістерге сай ұшу кестесін үнемі бейімдеп, қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары стандарттарын сақтауды жалғастырады. Компания жолаушыларға рейстер кестесі мен мәртебесі туралы жаңартылған ақпаратты Air Astana-ның ресми сайты мен мобильді қосымшасынан тексеруге кеңес береді.
