19.09.2024
21:21:57
ru
kz

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билет сатыла бастады

Қазақстан жаңалықтары
06.08.2024
19:08
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билет сатыла бастады
6 тамыз күні 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билеттер сатылымы басталды. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін болады.

Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды. Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.

«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрес, арқан тарту және ашыртмалы аба гүресі бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.

Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ.  

Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.

Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.

Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.

Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

Айта кетерлігі, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.