Шетелдік туристің Қазақстанмен таныстығы көрікті жерлерді аралаудан ғана емес, нағыз қазақ тойына қатысудан да басталуы мүмкін. Той жүргізушісі Арман Байғаскин қазақтың қонақжайлығы мен той дәстүрін туристік өнімге айналдыруды көздеп, Kazakh Wedding “Be our guest” этномәдени туристік жобасын қолға алды.
Шетелдіктерді қазақ тойы несімен қызықтыруы мүмкін, бұл идея қалай пайда болды және ерекше форматты таңдаған туристерді не күтеді? Арман Байғаскин бұл туралы Travel Press тілшісіне айтып берді.
– Сіздің ойыңызша, шетелдік турист үшін қазақ тойына қатысу несімен қызық?
– Ең алдымен, эмоциясымен және мүлде жаңа тәжірибе алу мүмкіндігімен. Қазақстанда жайлы демалыс үшін барлық жағдай бар: бес жұлдызды қонақүйлер, жақсы мейрамханалар, люкс санатындағы көліктер. Бірақ қазақ тойынан алатын әсерді басқа жерден табу қиын.
Мысалы, Еуропада қонақтар жиналып, фуршетте әңгімелеседі, суретке түседі, жас жұбайларды құттықтап, сыйлықтарын табыстайды да, біртіндеп тарай бастайды. Ал біздегідей ұзақ тілек айту, көптеген салт-дәстүр, түрлі ойын-сауық пен қонақтарды мерекеге белсенді араластыру көп кездесе бермейді.
Қазақ тойы мүлде басқаша өтеді. Ол бірнеше сағатқа созылады және осы уақыттың бәрінде қонақтар мерекенің белсенді қатысушысы болып отырады. Әртістер өнер көрсетеді, домбырашылар күй тартады, би және театр ұжымдары шығады, түрлі байқаулар мен салт-жоралғылар өтеді. Мұның бәрін алғаш көрген адамда: «Мұнда не болып жатыр?» деген таңданыс болуы заңды.
Қазір туристерге басқа елге барып, жақсы қонақүйде тұрып, бірнеше көрікті жерді аралап қайту ғана жеткіліксіз деп ойлаймын. Адамдар басқа жерде қайталай алмайтын ерекше тәжірибе іздейді. Қазақ тойы дәл сондай әсер бере алады. Өйткені онда дәстүр, музыка, ұлттық мәдениет, заманауи атмосфера және эмоция қатар тоғысады.
Мұндай формат басқа елдерде де кездеседі. Мысалы, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктерінде туристер белгілі бір ақы төлеп, жергілікті тойларға қатысып, салт-дәстүрмен жақынырақ таныса алады. Қазақстан да шетелдік қонақтарға осындай тәжірибе ұсына алады деп ойлаймын. Бірақ біздің ерекшелігіміз – қазақтың тойы мен қонақжайлық дәстүрі.
Қазақ мәдениетінде қонақтың үш түрі бар:
- Арнайы қонақ – арнайы шақырылған, құрметті мейман;
- Құдайы қонақ – күтпеген жерден келген жолаушы, оны қазақ дәстүрі бойынша құрметпен қарсы алған;
- Қыдырма қонақ – туыс-туғанын, дос-жаранын көріп, амандасып, әңгімелесу үшін келген адам.
Меніңше, халқымыздың қонақжайлығы осы ұғымдардан-ақ көрінеді. Қазақтар қонаққа, әсіресе алыстан келген жолаушыға ерекше құрметпен қараған. Сондықтан осы дәстүрді туристік өнімнің негізіне айналдырғым келді.
Шетелдік Қазақстанға турист ретінде келеді, ал тойға барған кезде құдайы қонаққа айналады. Оны жай көрермен ретінде емес, қонақ ретінде қарсы алып, қазақ мәдениетімен ішінен таныстырамыз.
Қазақ тойына деген қызығушылықты әлеуметтік желілерден де байқауға болады. TikTok, Instagram және YouTube желілерінде: «Қазақ тойына барғым келеді», «Мені қазақ тойына шақырыңыздаршы» деген пікірлерді талай рет көрдім. Демек, адамдарға бұл мәдениет шынымен қызық. Өйткені қазақ тойы – өзіндік дәстүрі мен атмосферасы бар бөлек әлем.
– Kazakh Wedding “Be our guest” жобасының идеясы қалай пайда болды?
– Той индустриясына КВН арқылы келдім. КВН ойнап жүріп, кейін банкеттерде өнер көрсете бастадық. Бұл салада жүргеніме шамамен 16 жыл болды, ал той жүргізіп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеймін. Сонымен қатар ағылшын және түрік тілдерінде іс-шара жүргізген тәжірибем бар.
Жобаның идеясы былтыр бір ұзату тойын жүргізген кезде пайда болды. Қалыңдық Дубайда тұрып, жұмыс істейтін. Сондықтан тойға оның шетелдік достары мен әріптестері де келді. Түрлі елдерден шамамен 15 адам, тағы он шақты қонақ Түркиядан ұшып келді. Сөйтіп, нағыз халықаралық той болды.
Тойға дайындалып, жүргізушінің мәтінін жазып отырған кезде Қазақстанға алғаш рет келген туристер туралы бір ой келді. Сол кезде мен: «Бүгін сіздер біздің әсем астанамыз бен еліміздің жай ғана туристері емес, екі мәдениеттің тоғысуының куәсі болып отырсыздар», – дедім.
Сол сәтте «турист» деген сөз менің ойымда қалып қойды. Неге туризм мен қазақ тойын біріктірмеске? Неге шетелдіктерге Қазақстанға келіп, біздің мерекеміздің бір бөлігі болуға мүмкіндік бермеске?
Осы ойдан кейін идеяны дамыта бастадым. Туризм саласын зерттеп, мамандармен сөйлестім, жобаны жүзеге асыру жолдарын іздедім. Осылайша қазіргі формат біртіндеп қалыптасты.
– Жобаның атауында қандай мағына бар?
– Kazakh Wedding “Be our guest” атауының өзінде жобаның негізгі идеясы жатыр. Шетелдік турист Қазақстанға келіп, нағыз қазақ тойының қонағына айналады. Біз үшін оның жай ғана көрермен емес, мерекенің бір бөлігі болғаны маңызды.
– Туристерге қандай формат ұсынасыздар?
– Қазір екі негізгі формат қарастырылып отыр.
Біріншісі – шамамен 30–40 адамнан тұратын үлкен туристік топтарға арналған. Осыншама адамды нағыз қазақ тойына апару қиын. Бұл той иелеріне де, туристердің өздеріне де қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан үлкен топтарға мейрамханада қазақ тойының атмосферасын жеткізетін арнайы иммерсивті бағдарлама ұйымдастыруды ұсынамыз.
Қонақтар болып жатқан дүниені сырттай бақылап қана қоймай, бағдарламаның тікелей қатысушысына айналады. Біз қазақтың салт-дәстүрлерін таныстырамыз, ұлттық ойындар өткіземіз. Туристердің арасынан біреу қалыңдықтың немесе күйеу жігіттің рөлін сомдаса, өзгелері екі жақтың туыстары ретінде қатыса алады.
Яғни туристер үшін қазақ тойының шағын үлгісі жасалады. Олар мерекені көріп қана қоймай, оның атмосферасын өздері сезінеді.
Екінші формат – 10–12 адамнан тұратын шағын туристік топтарды нағыз қазақ тойына апару.
Мұндай формат ұйымдастыру жағынан әлдеқайда ыңғайлы. Туристер тойдың негізгі сәттеріне қатысып, жас жұбайларды қарсы алады, қазақтың салт-дәстүрлерімен танысады.
Оларға беташар, сыңсу, тұсаукесер секілді дәстүрлердің мәнін түсіндіреміз. Яғни турист тек әдемі көріністі тамашалап қоймай, әрбір салттың нені білдіретінін және оның қазақ мәдениетіндегі орнын түсінеді.
Мен үшін жобаның ең маңызды мақсаты – Қазақстаннан қайтқан турист өзін қазақ мәдениетінің бір бөлшегі болғандай сезінуі.
Адам белгілі бір ғимаратты немесе қонақүйді уақыт өте ұмытып қалуы мүмкін. Ал бөтен елде оны құдайы қонақ ретінде қарсы алып, нағыз тойға қатыстырып, бірге ән айтып, би билеп, салт-дәстүрмен таныстырса, мұндай әсер ұзақ уақыт есте қалады.
Меніңше, дәл осындай эмоциялар мен тәжірибе кейін Қазақстан туралы ең жарқын естелікке айналады.
