Түркістан облысына келген туристер саны 3 есеге артты

Басты жаңалықтар
19.02.2024
19:14
Түркістан облысына келген туристер саны 3 есеге артты
Түркістан облысына шет мемлекеттерден келген қонақтар саны бойынша e-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіштер жарияланды. 2022 жылы облысқа шетелдерден 4425 адам келген, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Енді қонақтардың қай мемлекеттерден екеніне тоқталайық. 2022 жылы облысқа Ресей Федерациясынан 1401 адам келіп, келу көрсеткіші бойынша бірінші орынға шыққан.

Екінші орындағы Өзбекстаннан 1237 қонақ келсе, Түркия 431 адаммен үштікті түйіндеп тұр. Қырғызстаннан 128 қонақ келсе, АҚШ-тың 121 адамы Түркістан облысында саяхаттаған.

Үздік бестік осылай жасақталды. Облысқа Германия (68), Ұлыбритания (61) және Франциядан да (56) меймандар ат басын бұрған. Келушілердің басым бөлігі – 30 бен 34 аралығындағы азаматтар.
 
2023 жылы Түркістан облысына келген шетелдік қонақтар саны 14 490-ға жетіп, 3 есеге артты.

Бұл жолы үздік бестік былай өрбіді. Өзбекстаннан 8211 саяхатшы келсе, Ресей Федерациясы 1 911 мейманымен екінші орынға сырғыған. Түркия – 963, ҚХР – 698 адам және 455 мейман жіберген Қырғыстан бесінші орынға шығып отыр. Былтыр АҚШ-тан 199 адам келсе, Тәжікстан (175), Франция (155), Германия (139), Әзербайжан (137), Үндістан (125), Италия (110) және Оңтүстік Корея (98) елдерінің өкілдері де Түркістан облысына келіп-кеткен. Бұл жолы 35-39 жас аралығындағы саяхатшылардың үлесі басым.

Былтыр қонақтардың 7 мыңға жуығы саяхаттау үшін келсе, қызмет бабымен, жеке шаруалармен, іскерлік кездесулер, жұмыс келісімшарты, оқу үшін келгендер де бар. Өнер, спорт сайыстарына қатысқандар тіркелген.

Бұл ретте, Түркістан қаласында халықаралық байқаулар, жарыстар, іскерлік форумдар, инвесторлармен кездесулер, туристік іс-шаралар жиі ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
 
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.