Қазақстан мен Жапония туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Басты жаңалықтар
17.10.2025
11:48
Қазақстан мен Жапония туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан халықаралық аренада туристік байланыстарды нығайтуда, деп хабарлайды Travelpress.kz.

 

Отандық туризм индустриясы өкілдері Жапонияның туристік нарығындағы жетекші компаниялармен әріптестікті кеңейтуге кірісті. Қазақстанға Күншығыс елінің ірі туроператорлары негізгі туристік бағыттармен танысу және бірлескен өнімдерді әзірлеу мақсатында келді.


 

Жапонияның 10 жетекші туроператоры Алматы қаласын, Алматы және Маңғыстау облыстарын аралайды. Оларға негізгі туристік орындар таныстырылады: Шымбұлақ курорты, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және бірегей Бозжыра шатқалы.


 

Сапар аясында іскерлік байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Алматыда қазақстандық және жапондық компаниялар арасында B2B-кездесулер өтті. Келіссөздер барысында перспективалық бағыттар, бірлескен жобалар және Қазақстанды жапон нарығында ілгерілету жоспарлары талқыланды.


 

«Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша Қазақстанға 9 178 жапон азаматы келген. Біз былтырғы бір жылдық көрсеткішке қол жеткізіп қалдық және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% өсім байқалуда. Бұл - елімізге деген қызығушылықты көрсетеді. Біз тұрақты туристік алмасуды нығайту белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің мақсатымыз - тек турист тарту ғана емес, стратегиялық әріптестік орнату», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.


 

Жапонияның туристік саласы өкілдеріне арналған ақпараттық тур Air Astana әуе компаниясының, Алматы және Маңғыстау облыстары туризм басқармаларының, Kompas, Skyway, KITE Travel, Visit Aktau туроператорлары мен The Ritz-Carlton Almaty, Rixos Water World Aktau, Swissotel Wellness Resort Almaty қонақ үйлерінің қолдауымен ұйымдастырылды.


 

Биылғы қыркүйек айында Kazakh Tourism және Air Astana Осака мен Токиода қазақстандық туроператорлардың жапондық компаниялармен B2B-кездесулерін ұйымдастырды. Оның барысында туристік өнімдер, бағыттар мен өңіраралық әріптестік үшін мүмкіндіктер ұсынылды

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.