Kazakh Tourism және Air Astana отандық туризмді жаһандық деңгейде бірлесе ілгерілетеді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен Air Astana әуе компаниясы Қазақстанның туристік әлеуетін негізгі шетелдік нарықтарда бірлесе ілгерілетеді. Бұл туралы Алматы қаласында екі компания арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында белгілі болды.
Тараптар Қазақстанды саяхаттауға тартымды бағыт ретінде ілгерілету және келу туризмін дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
«Біз отандық туризмді Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония және Парсы шығанағы елдері сияқты негізгі туристік нарықтарда бірлесе ілгерілетуді күшейтеміз. Серіктестік аясында Қазақстан бойынша турларды шетелдік туроператорлардың каталогтарына енгізу мақсатында B2B кездесулер мен ақпараттық турлар өткізілді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Бұл серіктестік - Air Astana компаниясының Қазақстанға келетін туристер қатарын арттыруға бағытталған стратегиялық бағытының жалғасы. Биыл оның маршруттық желісі кеңейтіп, 20 астам жаңа бағыт ашылды. Көпшілік арасында сұранысқа ие рейстердің жиілігі артты.
«Меморандум Қазақстанды халықаралық аренада бірлесе ілгерілету бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз ортақ мақсатты ұстанамыз: елімізді әлем туристері үшін танымал және тартымды ету», – деп атап өтті Air Astana компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Жанна Шаяхметова.