Euronews Алматы таулары туралы бағдарлама түсіріп жатыр

Қазақстан жаңалықтары
04.02.2026
13:08
Euronews Алматы таулары туралы бағдарлама түсіріп жатыр

Еуропалық Euronews телеарнасы Қазақстанның қысқы туристік әлеуетіне арналған «Modern Nomads» бағдарламасының жаңа эпизодын ұсынады, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Бағдарлама биыл ақпан айында 11 тілде көрсетіледі және әлемнің 160 астам еліндегі шетелдік аудиторияны қамтиды.


 

Түсірілімді ұйымдастыру мен өткізуге Kazakh Tourism, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және Auyl мейрамханасы қолдау көрсетті.


 

Бағдарламада Алматы тау кластерінің инфрақұрылымы мен дамуы паш етіледі. Euronews шығармашылық тобы Орталық Азиядағы танымал туристік локацияға айналған «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортымен танысты. Көрермендерге заманауи аспалы жолдар, күрделігі әртүрлі деңгейіндегі трассалар, кешен аумағындағы туристік инфрақұрылым нысандары көрсетіледі.


 

Өңірдің ең танымал табиғи нысандарының бірі Үлкен Алматы көліне де назар аударылды.


 

Бағдарламада Алматының гастрономиялық әлеуетін беделді халықаралық 50 Best Discovery топтамасына енген Auyl мейрамханасы таныстырады. Шетелдіктер ұлттық асхананың заманауи мәзірімен және Қазақстанның гастрономиялық дәстүрлерімен танысады.


 

Euronews телеарнасының жалпы аудиториясы 400 миллионнан астам көрерменді құрайды. Бағдарлама кең халықаралық аудиторияға Қазақстанды қысқы туризм үшін тартымды бағыт ретінде жақынырақ таныстыруға мүмкіндік береді.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.