Елімізге Кореядан келетін туристер саны 2 есеге артты

Қазақстан жаңалықтары
19.06.2024
12:35
Елімізге Кореядан келетін туристер саны 2 есеге артты
2023 жылы Корея Республикасынан келген қонақтар саны 2022 жылмен салыстырғанда 125,4 пайызға дейін 2 есе өсті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметтері бойынша, 2022 жылы қонақтар саны 15 811 адамды құраса, 2023 жылы ол 35 625 адамға дейін өскен. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Корея Республикасынан келген туристер саны (орналастыру орындарында қызмет көрсетілген) 2022 жылмен салыстырғанда 10 мың адамнан 24 мың адамға дейін, яғни 2 еседен астам артты.

Бұл айтарлықтай өсім елдер арасында аптасына 7 күн тұрақты тікелей рейстердің болуымен, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы визасыз режиммен, сондай-ақ Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артуымен түсіндіріледі. 2020 және 2021 жылдардағы күрт төмендеуден кейін, келушілер саны 2022 жылы қалпына келіп, 2023 жылы пандемияға дейінгі деңгейге жетті.

Kazakh Tourism Кореяда презентация

Ағымдағы жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша және Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен екі елдің туристік бизнес өкілдері арасында B2B кездесулер өткізілді.

Kazakh Tourism Кореяда презентация

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бастаған қазақстандық делегация, еліміздің турбизнесінің 10 өкілі және Visit Zhetysu 50 корейлік туроператорлар мен Корея туристік агенттер қауымдастығының (Korea Association of Travel Agents - KATA) басшылығына презентация өткізді.

Kazakh Tourism Кореяда презентация

Корея Республикасы Қазақстан үшін мақсатты нарық болып табылады. Алматыдан тікелей рейстер мен ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Сеул қаласынан  елордаға Air Astana әуе рейсінің қайта іске қосылуы екі ел арасындағы туристік байланысты нығайтып, туристік ағынды одан әрі арттырмақ.

Kazakh Tourism Кореяда презентация

Іс-шараға белсенді қатысқан корейлік туроператорларға серіктестердің атынан  бағалы сыйлықтар — Air Astana әуекомпаниясынан 2 билет, Жайлау гольф-курортынан сертификаттар, The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйінде орналасу және Шымбұлақ тау курортына бару мүмкіндігі ұсынылды.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.