Осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ электропойыздарымен Бурабай курортына 187 мыңнан астам жолаушы жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артық.
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Жазғы маусымда Бурабай курортына жеткізілген жолаушылар саны 150 мыңнан асты. Одан бөлек балаларға арналған лагерлеріне 1 900 бала жеткізілді.
Биыл Ұлттық тасымалдаушы Астана-Бурабай курорты бағыты бойынша жүретін жоғары жылдамдықты электропойыздың жол жүру уақытын 2,5 сағатқа дейін қысқартты. Электропойыздың қозғалыс кестесіндегі уақыттың қысқаруы жолаушылар тарапынан оң пікірге ие болды. Жазғы кезеңде №7509/7510 «Павлодар-Астана» жылдамдықты электропойызының бағыты Көкшетауға дейін ұзартылып, Бурабай курорты станциясында аялдауы жолаушылар ағынын арттырды.
Күн сайын Бурабай бағыты бойынша №6829/6830 «Астана-Көкшетау» электропойызы қатынайды. Сонымен қатар Нұрлы Жол вокзалынан №7507/7508 «Астана-Көкшетау» электропойызы жөнелтіледі.
Билеттерді bilet.railways.kz сайтында және «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол вокзалдарының кассаларында 10 күннен 1 тәулікке дейін сатып алуға болады.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.