Air Astana күзгі маусымда әуе бағыттарының ауқымды кеңейді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Қыркүйек айынан бастап Алматы – Жидда бағыты бойынша аптасына 2 рет, Шымкент – Жидда бағыты бойынша аптасына 1 рет қатынайтын рейстерді жанғыртты. Қазан айының соңынан бастап Алматы – Мәдина бағыты бойынша аптасына 2 рет, Шымкент – Мәдина бағыты бойынша аптасына 1 рет, Астана – Жидда және Астана – Мәдина бағыттары бойынша рейстер екі аптада бір реттен кезектесіп орындалады. Сондай-ақ Ақтау – Жидда және Ақтау – Мәдина бағыттары да екі аптада бір реттен кезектесіп орындалады.
Бұл рейстер қазақстандық жолаушыларға қажылық сапарларын ыңғайлырақ жоспарлауға, сондай-ақ іскерлік және туристік сапарларға қосымша мүмкіндік беруге жол ашады. Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясына виза алу қажет, ол онлайн түрде мына сайт арқылы рәсімделеді: https://visa.visitsaudi.com/.
Сонымен қатар қазан айының соңынан бастап қазақстандықтарға визасыз баруға болатын курорттық бағыттар қайта жанғырды:
• Алматы – Мале (Мальдив аралдары) аптасына 3 рет, ал Жаңа жыл мен Наурыз мерекесі қарсаңында сұраныстың жоғары болуына байланысты аптасына 5 ретке дейін.
• Алматы – Фукуок (Вьетнам) аптасына 5 рет, желтоқсаннан бастап аптасына 7 ретке дейін.
• Астана – Фукуок аптасына 3 рет.
Бұдан бөлек, Air Astana қазан айының соңынан бастап танымал туристік бағыттарда рейстер санын арттырады:
• Алматы – Дубай: аптасына 7 рейстен 12 рейске дейін.
• Астана – Дубай: аптасына 7 рейстен 10 рейске дейін.
• Алматы – Бангкок: аптасына 4 рейстен 7 рейске дейін.
• Алматы – Пхукет: аптасына 4 рейстен 7 рейске дейін.
Барлық жаңа рейс отын тиімділігі жоғары, ұшу қашықтығы арттырылған және жолаушыларға жайлылығы жақсартылған заманауи Airbus A320neo және A321LR әуе кемелерімен орындалады.