Анталияда домбыра ескерткіші қойылды

Қазақстан жаңалықтары
11.07.2024
11:10
Анталияда домбыра ескерткіші қойылды
Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бастамасымен Жамбыл Жабаев атындағы саябақта қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы домбыраға арналған ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Ескерткіштің ашылуы шілденің бірінші жексенбісінде Қазақстанда кеңінен аталып өтетін Ұлттық домбыра күніне орайластырылып отыр.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Анталия провинциясының губернаторы Хулуси Шахин, қала әкімдігі және басқа да ресми тұлғалар, сондай-ақ консулдық корпус өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев өзінің құттықтау сөзінде домбыраның сан ғасырлық тарихы бар екенін және қазақ халқының баға жетпес байлығы екенін баса айтты. Ол қазақтың музыкалық аспабы түріндегі ескерткіш ашу бастамасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.

Елші Түркия билігіне жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Қазақстаннан тыс жерде алғаш рет ашылған қазақ болмысының символына арналған монумент Қазақстан мен Түркия халықтарының одан әрі рухани және мәдени жақындасуына қосымша ынталандыру болатынына сенім білдірді.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.