фтот: gov.kz
Былтыр Алматы қаласына 2 миллионға жуық турист келді. Соның шамамен 30 пайызы – шетелдік қонақтар. Олардың басым бөлігі ең алдымен Алматының асқақ тауларын көруге асығады. Осы сұранысты ескере отырып, Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспары әзірленді, деп хабарлайды TravillPress.
Бұл бастама Shymbulak пен өзге де еуразиялық тау курорттары арасындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға жол ашты. Аталған мәселе Алматы облысында өткен III Еуразиялық тау курорттары альянсы фестивалінде кеңінен талқыланды.
Әлемде тау бөктерінде орналасқан демалыс орындары аз емес. Мысалы, Ташкент, Баку, Бішкек және Тбилиси маңындағы курорттарды атауға болады. Алайда бұл қалаларда тауға жету үшін біршама жол жүруге тура келеді. Ал Алматының басты артықшылығы – таудың шаһар іргесінде орналасуы. Мегаполис орталығынан 20–30 минутта-ақ табиғат аясынан бір-ақ шығасыз.
Жүзеге асырылып жатқан Алматы тау кластері жобасы туристік сапарды тартымды әрі ұмытылмас әсерге толы етуді көздейді. Жоба аясында инфрақұрылым жаңарып, туристік бағыттар жетілдіріледі, сервистік қызмет сапасы артады.
Shymbulak курортының бас директоры Ринат Абдрахмановтың айтуынша, тау кластерін дамытудың маңызы зор. Бұл бастама туристер легін тиімді реттеуге, табиғи экожүйеге түсетін жүктемені азайтуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде бағыттар жеке-жеке емес, біртұтас «Алматы таулары» брендімен ұсынылуда. Бұл – өңірдің ортақ дамуына жол ашатын қадам.
Халықаралық сарапшылар да Қазақстанда, соның ішінде Алматыда тау туризмін дамытуға барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы қолайлы. «Ашық аспан» саясаты аясында 90-ға жуық елдің азаматтары елімізге визасыз кіре алады. Қазір әлемде шаңғы туризміне қызығушылық артып келеді, ал мұндай туристер ел экономикасына айтарлықтай табыс әкеледі.
Kazakh Tourism компаниясының атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары қабылданған. 2029 жылға қарай бірыңғай тау курорты құрылып, кемінде 200 шақырым шаңғы трассасы іске қосылады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, туристерге еркін сырғанауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қоршаған ортаға, көлік жүйесіне және инфрақұрылымға шамадан тыс салмақ түсірмейтін тұрақты туризм моделін қалыптастыру көзделіп отыр.
Шетелдік мамандар да бұл бастаманы қолдайды. Мәселен, Amirsoy тау курортының коммерциялық директоры Давронбек Ниязовтың айтуынша, бірнеше курортты бір кластерге біріктіру – туристер үшін де, экономика үшін де тиімді шешім. Бір сапарда бірнеше нысанды көру мүмкіндігі саяхатшыларға қолайлы. Сапалы сервис жаңа туристерді тартып, өңірдің беделін арттырады.
Фестиваль аясында Альянстың «Жасыл хартиясы» қабылданды. Құжатта экожүйені сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және кластерлік дамуды ілгерілету мәселелері қамтылған. Сонымен қатар Андорра курорттар желісімен меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, Еуразиялық тау курорттары альянсының штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Қазіргі таңда ұйымға алты мемлекет мүше. Алматы тау кластері – бұл тек туризм жобасы ғана емес, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық бастама.
