Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен AirAsia X әуе компаниясы шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Әуе компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Қазақстан бағытындағы саяхатты танымал етуде. Нәтижесінде Алматы бағытындағы ұшуға деген сұраныс 30%-ға артты.
2024 жылғы 14 наурызда Куала-Лумпурдан Алматыға алғашқы рейс орындалған болатын. AirAsia X өз платформалары арқылы Қазақстанға саяхат жасауды белсенді насихаттап келеді. Содан бері, яғни 2024 жылдың наурызынан бастап, шамамен 35 мың малайзиялық турист Қазақстанға келді.
«Қазақстан әлем саяхатшылары мен шетелдік компаниялар үшін тартымды туристік бағытқа айналып келеді. AirAsia X-пен ынтымақтастығымыз біздің елді Оңтүстік-Шығыс Азияның кеңейіп келе жатқан нарығына жақындата түсті. Статистикалық мәліметтер биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Малайзиядан келген туристер саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 есе артқанын көрсетіп отыр», – деді Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Айта кетейік, AirAsia X әуе компаниясы биылғы наурыздан бастап Куала-Лумпур – Алматы бағытында аптасына 4 рет тікелей тұрақты рейсті іске қосқан болатын.