Наурыз мерекесі қарсаңында Air Astana Алматыдан Баку қаласына тікелей рейстерді қайта іске қосып, Әзербайжан астанасына орындалатын рейстердің жалпы санын арттырады, деп хабарлайды Tracelpress.kz.
2026 жылғы 15 наурыздан бастап Алматы-Баку-Алматы бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет - бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Сәуір айынан бастап рейстер аптасына үш ретке, ал мамыр айынан бастап аптасына төрт ретке дейін көбейеді: дүйсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері. Жаңа кестеде сапарларды ыңғайлы жоспарлау үшін күндізгі ұшу және қону уақыттары қарастырылған.
Сондай-ақ әуекомпания Атырау-Баку-Атырау бағыты бойынша тұрақты рейстер жиілігін аптасына үш ретке дейін арттырады: 18 наурыздан бастап рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері, ал сәуір айынан бастап сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ұшу ұзақтығы Алматыдан 3 сағат 35 мин, ал Атыраудан 1 сағат 25 мин. Барлық алымдарды қосқанда эконом-кластағы барып-қайту әуе билеттерінің бағасы Алматыдан ұшқанда 157 182 теңгеден, ал Атыраудан ұшқанда 97 093 теңгеден басталады. Билеттер ресми сайтта және Air Astana мобильді қосымшасында, сондай-ақ аккредиттелген туристік агенттіктерде сатылады.
Қазақстан азаматтары Әзербайжанға саяхаттау үшін визаны керек етпейді.
