12 маман Туризм көшбасшылары академиясында білімін жетілдірді

Қазақстан жаңалықтары
18.11.2025
13:00
12 маман Туризм көшбасшылары академиясында білімін жетілдірді

12 өңірдің мамандары Туризм көшбасшылары академиясында білімдерін жетілдірді, деп хабарлайды Travelpress.kz.

 


Жасанды интеллект туризм индустриясын дамытуға қалай көмектесе алады? Медициналық туризмнің ерекшелігі неде және туристік өнімдерді қалай тиімді дәріптеген жөн? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға «Туризмдегі көшбасшылық академиясының» үшінші легіне қатысушылар жауап алды. Kazakh Tourism қолға алған білім беру жобасы индустрия көшбасшыларын даярлауға және туризм саласы мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған.




«Туризмдегі көшбасшылық академиясының» үшінші легі сәтті аяқталды. Бұл жолы тыңдаушылар географиясы айтарлықтай кеңейді. Курсқа 12 өңірдің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан, Ұлытау облыстары, Астана және Шымкент қалалары бар. 




5 күндік оқу бағдарламасы жергілікті атқарушы органдардың салалық мамандарын, туристік ақпараттық орталықтар мен туркомпаниялар өкілдерін, кәсіби гидтерді және жоғары оқу орындарының «Туризм» мамандығы бойынша оқытушыларын біріктірді.


 

«Біз өте құнды әрі қажетті білім алдық. Оның ішінде стандарттар туралы жаңа мәліметтермен танысып, жасанды интеллект туралы көп нәрсе білдік. Астанадағы қонақ үйлерді аралап, олардың мүмкіндіктерін көрдік. 10 сабақта алған білімді Ақтөбедегі жұмысымда қолданамын. Бұл курс біз бұрын байланыс орнатпаған өзге өңірлердің тәжірибесімен танысуға тамаша мүмкіндік берді», - деп атап өтті «Visit Aktobe» басшысы Манат Тайпақов.



Kazakh Tourism бағдарламаны медициналық туризмнің ерекшеліктері мен туристік саладағы заманауи оқу форматын қамтитын жаңа білім беру модульдерімен кеңейтті.


 

«Академия теория, талдау және практикалық кейстердің бірегей теңгерімін сақтап, тыңдаушыларға алған білімдерін бірден жергілікті деңгейде қолдануға және туристік дестинацияларды дамытуға арналған тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Дәрістерді салалық терең тәжірибесі бар Kazakh Tourism қызметкерлерімен қатар ұлттық компаниялар мен даму институттарының сарапшылары жүргізді. Олардың қатарында Әсел Қожақова (Euronews), Дәурен Базилов (City Innovations), Қайрат Сәдуақасов (Global Swiss Learning), Олжас Ыбыраев (Astana Tourism Bureau), Замзагүл Хамзина («Даму» қоры), Айнұр Дәрібаева (Қазақстан даму банкі) бар», - деп атап өтті Kazakh Tourism бас менеджері Ернұр Кенжебеков.




Курстың үшінші легі туризм өкілдерінің жаңа білім мен практикалық құралдарға деген қызығушылығын тағы бір мәрте көрсетті.




«Туризмдегі көшбасшылық академиясы» - туризм саласы мамандарының құзыреттерін дамытуға, туристік дестинацияларды басқару сапасын арттыруға және заманауи ілгерілету тәжірибелерін енгізуге арналған Kazakh Tourism әзірлеген білім беру бағдарламасы.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.