ҚТЖ-ның рейдтік комиссиясы жолаушылар пойыздарында 140 ереже бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы тексеру топтары жолаушылар пойыздарында күн сайын рейдтік тексерулер жүргізіп келеді. Мақсат — жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау қағидалары мен тасымалдаушының ішкі регламенттерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.
Жаз маусымы басталғалы комиссия шамамен 140 ереже бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде билетсіз жол жүрудің 6 дерегі және рәсімделмеген 135 килограмм багаж тасымалдау фактілері бар.
Билетсіз жол жүру жағдайлары «Алматы — Жезқазған», «Қызылорда — Семей», «Өскемен — Алматы», «Астана — Жезқазған», «Ақтоғай — Аягөз» және «Астана — Көкшетау» бағыттардағы пойыздарда анықталды.
Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Рейдтер жүйелі түрде барлық бағыттарда жалғаса береді.