Қазақстан мен Сербия туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Басты жаңалықтар
13.08.2025
14:17
Қазақстан мен Сербия туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Алматыда өткен қазақстандық-сербтік Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) IV отырысында Сербияға қазақстандық жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


ҮАК тең төрағалары вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Үкімет төрағасының орынбасары, Ішкі істер министрі Ивица Дачич.


 

Өз сөзінде Серік Жұманғарин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективалық бағыты сауда мен көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, ғылым, биотехнология, білім мен мәдениет екенін атап өтті.

 

Аграрлық сауданың өсуі екі елдің әлеуетін айғақтайды: 


2025 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 1,5 есеге артып, 4 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан астық және бұршақ дақылы, өсімдік майы, балық, ет пен сүт өнімі экспортын арттыруға мүдделі.


 

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын Еуропаға, оның ішінде Сербияға қарай ұзарту перспективасын зерттеуді жалғастыруға уағдаласты. Астана мен Белград арасында биыл тікелей әуе қатынасын ашу жайын талқылады.


 

Тікелей рейсті SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады. Бүгінде екі елдің әуе компаниялары әуе рейсін іске қосудың барлық қажетті рәсімін жүргізуде. Бағыттың тартымдылығын арттыру үшін әуе жолын Белградтан Марокко, Тунис, Барселона мен Ларнакаға дейін ұзарту туралы келісім жасалуда.


 

Сондай-ақ, осы жылы Сербияға сауда-экономикалық миссия ұйымдастырып, алғашқы қазақстандық-сербтік іскерлік кеңес өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл екі елдің іскерлер тобы арасындағы сауда-экономикалық қатынас пен инвестициялық байланысты нығайта түсуге мүмкіндік бермек.


 

Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін хаттамаға қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның келесі отырысын 2026 жылы Сербияда өткізу жоспарланып отыр.


 

 

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.