Астана туризмі: жаңа мүмкіндіктер мен халықаралық серпін

Басты жаңалықтар
07.03.2026
09:55
Астана туризмі: жаңа мүмкіндіктер мен халықаралық серпін


Соңғы жылдары Астана тек саяси және әкімшілік орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағытқа айналып келеді. Қаланың туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар стратегиялық жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым жаңарып, жаңа демалыс кеңістіктері қалыптасуда. Бұл жұмыстардың барлығы елордаға келетін туристер санын көбейтіп, қаланың әлемдік аренадағы имиджін нығайтуға бағытталған.
Халықаралық деңгейдегі туризм бағыты
Бүгінде елорда туризмінің дамуы бірнеше негізгі бағытқа сүйенеді. Олардың қатарында іскерлік, медициналық, оқиғалық және инклюзивті туризм бар. Астана халықаралық форумдар, көрмелер, спорттық жарыстар мен мәдени фестивальдер өтетін алаң ретінде қалыптасып келеді. Мұндай ауқымды іс-шаралар қалаға шетелдік қонақтардың келуіне ықпал етіп қана қоймай, елорданың халықаралық деңгейде танымал болуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалада демалыс пен белсенді уақыт өткізуге арналған жаңа орындар ашылып жатыр. Бұл туристердің қалада ұзақ уақыт болуына және іскерлік сапарды демалыспен ұштастыруына жағдай жасайды.

LRT қала қолжетімділігін арттыратын жоба
Алдағы жылдары іске қосылуы жоспарланған LRT жобасы да туризмнің дамуына елеулі әсер етеді. Жеңіл рельсті көлік жүйесі халықаралық әуежайды, іскерлік орталықтарды және негізгі туристік нысандарды байланыстырып, қала ішінде жылдам әрі ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.
Әсіресе халықаралық іс-шаралар кезінде бұл жоба жолдағы уақытты қысқартып, жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтады. Сонымен қатар заманауи көлік жүйесі қаланың сәулеттік келбетімен үйлесіп, динамикалық дамып жатқан мегаполистің символдарының біріне айналуы мүмкін.
Туристер саны тұрақты өсуде
Соңғы жылдары Астанаға келетін туристер саны айтарлықтай артқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елордаға келген туристер саны 1,49 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға көбейген. Оның ішінде 1 143 563 адам - ішкі туристер, ал 349 644 адам -шетелдік қонақтар.
Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында қалаға шамамен 1,2 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Әсіресе Қытай, Германия және АҚШ елдерінен келетін туристер санының айтарлықтай өскені байқалады.
Астананы әлемге таныту жұмыстары
Елорда туризмін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін маркетингтік және имидждік жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2025 жылы қала бірқатар халықаралық туристік көрмелер мен роуд-шоуларға қатысып, заманауи инфрақұрылымы бар туристік бағыт ретінде таныстырылды.
Сонымен қатар қала туралы ақпарат 19 халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары мен туристік платформаларда жарияланып, әлеуметтік желілерде ауқымды цифрлық жарнама кампаниясы жүргізілуде. Шетелдік блогерлермен және инфлюенсерлермен бірлескен жобалар да туристердің қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.
Қаланың негізгі көрікті жерлері туристік маршруттарға енгізіліп, көптілді навигация жүйесі орнатылған.
 


Жаңа қоғамдық кеңістіктер мен экожобалар
Астанада демалыс пен серуендеуге арналған қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылы «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру, Қуанышбаев театры маңындағы скверді, теміржол вокзалы маңындағы паркті және «Нұрлы жол» вокзалы аумағын жаңарту жоспарланған.
Сондай-ақ Greenline жаяу жүргіншілер бульварының екінші кезеңі салынып, жаңа ойын және спорт алаңдары пайда болады. Ал «Кіші Талдыкөл» эко-паркі табиғи экожүйені сақтауға бағытталған маңызды жоба ретінде қолға алынбақ.
Президенттік парк, «Городской романс» паркі және «Бейбітшілік пен келісім» паркінің екінші кезеңін дамыту да жоспарланып отыр.
Оқиғалық туризм қарқын алуда
Соңғы жылдары елордада оқиғалық туризм ерекше қарқынмен дамып келеді. Қала халықаралық іс-шараларды өткізу үшін арнайы өтінімдер беріп, әлемдік деңгейдегі форумдар мен фестивальдерді қабылдап келеді.
Мысалы, 2025 жылы өткен Comic Con Astana фестиваліне 70 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде шетелдік қонақтар да көп болды.
Ал 2026 жылы қалада Solana Fest фестивалі, «Болашақ ойындары» турнирі, Comic Con Astana, BaiQymyz фестивалі және халықаралық PGL киберспорт турнирі өткізу жоспарланып отыр.
Қонақүй инфрақұрылымы кеңейіп келеді
Бүгінде Астанада 312 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Жалпы номерлік қор шамамен 10 мың бөлмені құрайды.
Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі екі ірі қонақүй – Swissôtel және Mandarin Oriental жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар іскерлік және туристік сапарлар кезінде қонақтарды қабылдау мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
 

Туристерге арналған цифрлық сервистер
Қалада туристерге қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық шешімдер де енгізілуде. Әуежайда Taxi Point көптілді терминалдары орнатылып, ресми таксиді белгіленген тарифпен шақыру мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар қала бойынша QR-кодтар орнатылып, олар арқылы туристік порталға өтуге болады. izi.TRAVEL платформасында аудиоэкскурсиялар қолжетімді. Ал Ticketon сервисі арқылы шетелдік туристерге арнайы To-do list ұсынылады.
 

Экологиялық туризм бағыты
Елордада экологиялық мәдениетті дамытуға да ерекше назар аударылып келеді. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қалада санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы жылдары қалада 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылған. Набережнаялар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту жобалары да экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
Туризм саласындағы басты міндеттер
Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары туризм саласының негізгі міндеттерінің бірі – туристердің қалада болу уақытын ұзарту. Осы мақсатта іскерлік сапар мен демалысты біріктіретін Bleisure форматы дамытылуда.
Сонымен қатар жаңа рекреациялық аймақтар құру, орманды экопарктерді дамыту және туристік инфрақұрылымды баршаға қолжетімді ету басты бағыттардың бірі болып отыр.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан жобалар Астананың халықаралық туристік орталық ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар туристер санын арттырып қана қоймай, қаланың экономикалық дамуына да жаңа серпін береді.

Жаңа туристік кластерлер мен қоғамдық кеңістіктер дамып келеді
Елордада жаңа туристік кластерлер мен заманауи қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ұлы Дала даңғылы мен Шыңғыс Айтматов көшесінің қиылысында салынып жатқан Ellington Mall ірі сауда-ойын-сауық орталығы. Бұл жоба тек сауда нысаны ғана емес, толыққанды туристік аудан ретінде қарастырылып отыр. Кешен құрамында халықаралық желіге тиесілі қонақүй, көпдеңгейлі автотұрақ, ойын-сауық кластері, performance hall, инновациялық ойын-сауық аймақтары, food hall, отбасылық демалыс орталығы және мейрамханалар галереясы болады. Сонымен қатар аквапарк, термалды аймақ, көп залды кинотеатр, қызмет көрсетілетін апартаменттер мен кеңсе кеңістіктері қарастырылған.
Сонымен қатар Ж. Тәшенев пен Амман көшелерінің қиылысында қонақүй апартаменттері бар көпфункционалды тұрғын кешеннің жобалау және зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында білім беру орталығы мен Ақбұлақ өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланған.
Қабанбай батыр даңғылы бойындағы 11 гектар аумақта 2026 жылы MEGA Astana ірі сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы басталмақ. Бұл жоба қалада заманауи, жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыруға және елорданың имиджін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар қалада жаяу жүргіншілерге арналған жаңа демалыс аймақтары да пайда болуда. 2025 жылы Green Line жаяу жүргіншілер бульварының құрылысы басталды. Жобаның бірінші кезеңі Әнетбаба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аралықта аяқталды. Ал екінші кезеңін, яғни Әнетбаба көшесінен Төле би көшесіне дейінгі бөлігін 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоба қала тұрғындары мен туристер үшін жаңа серуен және демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.