Су тасқыны. Туризм саласының өкілдері зардап шеккендерге ақша аударды

Қазақстан жаңалықтары
11.04.2024
23:42
Су тасқыны. Туризм саласының өкілдері зардап шеккендерге ақша аударды
Туризм және спорт министрлігі туристік қауымдастықпен бірлесіп, су тасқынымен күреске ашылған қордың шотына қосымша қаражат аударды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.


Туризм және спорт саласының өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созып, жылу жинауға да көмектесіп жатыр. Атап айтқанда, Rixos Water World Aktau қонақ үйі, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Лес», «Тепло» және өзге де демалыс орындары зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына гуманитарлық көмек жинады.

 
Ал «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры Қазақстан туроператорларымен, олардың ішінде FunSun, Anex tour Kazakhstan, Selfie Travel, Kompas, KazunionAlliance, Pegas Kazakhstan, Calypso Tour KZ, Crystal Bay Kazakhstan, ABK Tourism, Join up және өзге де компаниялармен бірлесіп, тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 20 миллион теңге жинады. Сондай-ақ Қор Атырау облысына қажетті керек-жарақтар жіберді.

 
Еліміздегі ең үлкен әуе компаниясы Алматы қаласындағы Qamqor Charity қоғамдық қоры жинаған бірінші қажеттіліктегі заттар мен азық-түлік өнімдері бар үш тонна гуманитарлық жүкті Батыс Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге тегін жеткізді. Алдағы уақытта Air Astana мен FlyArystan ұшақтарымен 10 тоннаға дейінгі жүкті жеткізу жоспарланып отыр.

 

«Еліміздің бірнеше өңірі су тасқынына тап болып, халқымыз қазір соның салдарымен күресуде. Жағдай күрделі, дегенмен барлығы Президенттің ұдайы бақылауында. Су тасқыны аймағында зардап шеккендерді қолдау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда азаматтардың амандығы маңызды. Өйткені адам өмірінен асқан ешқандай құндылық жоқ. Туристік қауымдастық қысылтаяң сәтте бір жұдырық болып жұмылып, мұқтаж жандарға көмектесіп жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккен халықты уақытша орналастыру үшін орналастыру орындарын ұсынды. Айтып келмейтін табиғи апатқа қарсы күресте аянып қалмаған туризм саласының барлық өкіліне алғысымды білдіргім келеді», - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

 
Kazakh Tourism компаниясының өкілі Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқыны зардаптарын жоюға атсалысуда. Сондай-ақ оған бірқатар компания қызметкері судан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін белгілі бір сомадағы қаржы жинап берді.
 
 
 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.