Фото: Aqorda.kz
2026 жылғы 16 қыркүйекте Оңтүстік Корея астанасындағы Ханган саябағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында «Kazakhstan-Korea Cultural Village» арнайы мәдени шарасы өтті. Сеулде бой көтерген этноауыл еліміздің бай мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін таныстырды.
Қазақстанды кеңінен насихаттап, ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында этноауылда «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Ұлттық туристік стендін ұйымдастырды. Бұл алаң келген қонақтарға, жергілікті тұрғындар мен шетелдік меймандарға еліміздің бірегей саяхат мекендерін, табиғатын және қазақы қонақжайлылықты көрсетуге мүмкіндік берді.
Сеулдегі Ұлттық туристік стендті құруға Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы ресми серіктес әрі демеуші ретінде қолдау білдірді.
Оңтүстік Корея — Қазақстанның келу туризміндегі ең қарқынды дамып келе жатқан басым бағыттардың бірі. Соңғы үш жылда кореялық саяхатшылар ағыны 43%-ға артып, 35,6 мыңнан 50,9 мың адамға дейін жетті. Бұл көрсеткішке визасыз режим, тікелей әуе рейстерінің көбеюі және екі ел арасындағы әріптестіктің нығаюы ықпал етуде.
«Мұндай халықаралық алаңдар — еліміздің туристік әлеуетін әлемге танытудың таптырмас мүмкіндігі. ERG-мен серіктестіктің арқасында Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін кеңінен ашып, қонақтардың назарын аударта алдық», — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Іс-шара аясында қонақтар халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрімен, ұлттық қолөнер бұйымдарымен, сондай-ақ заманауи цифрлық-мәдени жобалармен танысып, екі ел өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасын тамашалады.
