Отандық әуежайларға жолаушыларды тексеру кезінде қызмет көрсету деңгейін арттыру тапсырылды

Қазақстан жаңалықтары
05.02.2024
14:09
Отандық әуежайларға жолаушыларды тексеру кезінде қызмет көрсету деңгейін арттыру тапсырылды
Көлік министрлігінде вице-министр Талғат Ластаевтың төрағалық етуімен республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежайдың және авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің басшыларымен жолаушыларды тексеру және оларға қызмет көрсету кезінде қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері бойынша отырыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бүгінгі таңда азаматтық авиация саласының негізгі көрсеткіштері қарқынды өсіп келеді. Өткен жылы әуежайлар 26 млн астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Оның ішінде, отандық әуе компаниялары 13,3 млн жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 21 пайызға жоғары.
Жалпы бүгінгі таңда әлемнің 27 елімен халықаралық әуе қатынасы орнатылған. Рейстер аптасына 484 рейс жиілігімен 86 бағыт бойынша 4 қазақстандық және 30 шетелдік әуекомпаниясымен жүзеге асырылады.

Мәдени, дәстүрлі және діни ерекшеліктері бар Парсы шығанағы, Азия және Еуропа елдерімен де рейстер саны артып келеді. Осыған байланысты әуе жолаушыларына қызмет көрсету кезінде олардың ұлттық бірегейлігін ескере отырып, стандарттар мен талаптарды түбегейлі қайта қарау қажеттілігі атап өтілді. Себебі әуежайларда төмен қызмет көрсету сервисі елімізде туризмді дамыту және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмысқа кері әсер етуі мүмкін екенін ескеру қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша әуежайларға жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін бірнеше бағыт бойынша жұмысты күшейту қажет екені айтылды.

Сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне жолаушыларға қызмет көрсету және ұшу алдындағы тексеру жүргізу кезінде әуежай қызметкерлерінің азаматтық мәдениет деңгейін одан әрі арттыруды ерекше бақылауға алу және тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
 
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.