Қазақстан мен Грузия арасындағы туристік байланыс артады

Қазақстан жаңалықтары
21.08.2024
17:55
Қазақстан мен Грузия арасындағы туристік байланыс артады
Қазақстан мен Грузия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді, деп хабарлайды Travelpress.kz.

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николоз Лалиашвилимен кездесті. Кездесу барысында тараптар спорт және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ әрі қарай дамыту әлеуетін талқылады.

Ермек Маржықпаев Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Грузиядағы жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, грузиялық әріптестерімен белсенді ынтымақтастық жасағанын атап өтті. Туризм саласында да туристердің барыс-келісі жақсарғаны байқалады, бұл елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

«Биыл жыл басынан бері қазақстандық спортшылар Грузиядағы 10 жарысқа қатысып, 8 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біздің спортшылар семсерлесу және дзюдо сияқты спорт түрлерінен тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдады», - деп атап өтті министр.


Кездесу соңында министр Грузия делегациясын 8-13 қыркүйек күндері Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Дүбірлі додаға Грузияның 25 спортшысы бес бағдарлама бойынша қатысады деп күтілуде.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.