Қазақстан мен Арменияның әуе тасымалдаушылары шектеусіз ұшатын болады

Қазақстан жаңалықтары
15.04.2024
16:38
Қазақстан мен Арменияның әуе тасымалдаушылары шектеусіз ұшатын болады
Қазақстан мен Арменияның әуе тасымалдаушылары екі ел арасындағы ұшуды шектеусіз орындау құқығына ие болды, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстан Президентінің Арменияға ресми сапары аясында екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығын дамыту мақсатында 2006 жылғы 6 қарашадағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға және Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының авиациялық билік орындары арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Қол қойылған меморандумға сәйкес екі елдің әуе тасымалдаушылары Армения мен Қазақстан аумағындағы рұқсат етілген пункттерге (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей, Түркістан, Ақтөбе) 3-ші, 4-ші және 5-ші дәрежелі "ауа еркіндігін" пайдаланумен ұшуды орындау құқығына ие болды.

Сонымен қатар қазақстандық тарап «Армян авиакомпаниялары» ЖШҚ-ға 2027 жылдың соңына дейін Ереван – Ашхабад-Астана бағыты бойынша коммерциялық құқықтары бар тұрақты рейстерді орындауға рұқсат берді.

Үкіметаралық келісімге түзетулер пакеті үшінші елдерге/елдерден жүктерді автотасымалдауға рұқсат беру жүйесін құруды, сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушыларды екіжақты және транзиттік жүк тасымалдары кезінде жол және табиғат қорғау төлемдерінен босатуды көздейді (Армения Республикасының аумағында әрбір автокөлік құралынан шамамен 100 доллар экологиялық алым алынады).

Анықтамалық: 2023 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы автомобиль көлігімен импорттық-экспорттық тасымалдар 6 936 тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 21% - ға артық (5 748 тонна). Тасымалданатын негізгі жүктердің қатарында дайын тамақ өнімдері, қара және түсті металдар, машиналар, механизмдер мен жабдықтар.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.