«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы Алматыға 5 мың турист тартты, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сілтеме жасап мәлім етті.
Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчын тамашалау үшін 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келді. Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге жалпы көрермен саны ондаған мың адамға жетті.
Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа облыстарынан, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.
Матчтың экономикалық әсері айтарлықтай жоғары болмақ. Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларына жетеді.
Бұл қаржыға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді. Мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді.