Елордада Kazakhstan Travel Forum – Саяхат 2025 форумы өтті

Қазақстан жаңалықтары
07.10.2025
15:35
Елордада Kazakhstan Travel Forum – Саяхат 2025 форумы өтті

Елордадағы Конгресс-орталықта Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры ұйымдастырған Kazakhstan Travel Forum – Саяхат 2025 форумы өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік компаниялардың, әуе тасымалдаушылардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.


 

Министрлік атынан құттықтау сөз сөйлеген Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев: «Кепілдік беру жүйесі азаматтардың шетелдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кейінгі жылдары шамамен 20 мыңнан астам туристке нақты көмек көрсетілді», – деп атап өтті.


 

Еске сала кетейік, елімізде Үкімет қаулысымен бекітілген отандық азаматтардың шығу туризмі саласындағы құқықтарын кепілдендірудің бірегей жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе туристердің мүддесін қорғауға және төтенше жағдайлар немесе күтпеген оқиғалар туындаған жағдайда олардың елге қайтуын қамтамасыз етуге бағытталған.


 

«Туристік Қамқор» қоры жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар министрлікпен бірлесіп заңнаманы жетілдіру және отандық туристерді қорғау тетіктерін дамыту жұмыстары жүргізілуде.


 

Форум аясында қауіпсіздік, туристік қызметтердің сапасы, әуе қатынасын дамыту және келу мен шығу туризмін үйлестіру мәселелеріне арналған пленарлық және панельдік сессиялар өтті. Сондай-ақ Орталық Азия туристік нарығындағы үрдістер, қызметтерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, Қазақстанның халықаралық аренадағы туристік тартымдылығын арттыруға ықпал ететін креативті және оқиғалық бағыттардың әлеуеті талқыланды.


 

Іскерлік бағдарламаның қорытынды бөлімінде Kazakhstan Travel Show көрмесі ашылып, туристік саланың көшбасшылары мен кепілдендіру жүйесіне белсенді қатысушылар марапатталды.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.