Елімізге екі аптада жарты миллионнан аса турист келді

Қазақстан жаңалықтары
18.09.2024
12:40
 Елімізге екі аптада жарты миллионнан аса турист келді
Қазақстанға екі аптада жарты миллионнан аса турист келді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
 
Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және темір жол көлігімен келген.
 
Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.
 

«Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам туристтің Қазақстанға келуі тіркелген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді»,- деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Ержан Еркибаев
 
Вице-министрдің сөзінше, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
 
EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік турист тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында. Демек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.
 
Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам келген.
 
Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара болып табылатын Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпенділер ойынының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Этноауыл мен ойындардың өзін  көруге 250 мыңнан астап адам келген.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.