Бозжыра – экотуризмнің жаңа бағыты

Қазақстан жаңалықтары
22.02.2025
16:03
Бозжыра – экотуризмнің жаңа бағыты
Фото: gov.kz

Жаңаөзен қаласында Бозжыра шатқалында туристік нысандар салу бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды TravelPress.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 21 ақпанда өткен іс-шараға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және сарапшылар қатысты.

Қоғамдық тыңдауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көрікті жерлерін туризм орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында ұсынылған жаңа жоба таныстырылды. Жеке инвесторлар жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығы мен туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сияқты туристік аймақтардағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген отандық компания әзірлеген.

Жоба авторларының мәлімдеуінше, орталық экологиялық талаптарға және тұрақты туризм қағидаттарына сай салынады. Құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Визит орталығы жеңіл, жиналмалы конструкциялардан тұрғызылады, бұл құрылыс жұмыстарын жеңілдетіп, табиғи ландшафтқа әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылым экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылады: қалдық суды тазартатын биологиялық жүйелер, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесінен энергия алу қарастырылған.

Жоба аясында шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтереді. Заманауи визит орталығы туристер үшін тартымды орынға айналып, экологиялық туризмді дамытуға ықпал етеді және табиғи мұраны сақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, визит орталығы қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған.

Бозжыраның төменгі жағында этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынады. Туристік нысанға дейін жол салынып, электр желісі тартылатын болады. Жоба іске асқан жағдайда тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жақын маңдағы ауыл тұрғындары өздерінің ауылшаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын сатуға мүмкіндік алады.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар өз пікірлерін білдірді. Мұнай саласының маманы Д. Ізімов туризмнің өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті:

"Мұнай саласының болашағы белгісіз, сондықтан экономиканың өзге секторларын, оның ішінде туризмді дамыту маңызды. Маңғыстау өңірінің туристік әлеуеті жоғары. Бұл туралы Президент те бірнеше рет айтты. Біз бұл бастаманы қолдаймыз", – деді ол.


Жаңаөзен қаласының тұрғыны Оразғали Қаспаев бұл жобаның жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:

"Тек Бозжыра емес, Айрақты, Жығылған, Тұзбайыр, Торыш сияқты орындарда да қонақүйлер салынуы керек. Біз Грузия, Түркия, Әзірбайжаннан еш кем емеспіз, туризмді дамытуға толық мүмкіндігіміз бар", – деп пікір білдірді.


Мұнайшылар кәсіподағының мүшесі Сәбит Токенов бұған дейін тоқтап қалған Бозжыра жобасының қайта қолға алынғанына тоқталды:

"Біз болашақ жастарымызды туризм, биотехнология, атом энергетикасы, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты мамандықтарға дайындауымыз қажет. Болашақта Маңғыстау экономикасының негізгі салаларының бірі туризм болатыны анық", – деді ол.


Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша жоба қолдау тапты.

Оқи отырыңыз: Еліміздің ұлттық саябақтарына 2,8 миллион турист қыдырып барған
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.