Air Astana, Kazakh Tourism және бес өңір Қазақстан туризмін бірлесіп ілгерілетеді

Air Astana, Kazakh Tourism және бес өңір Қазақстан туризмін бірлесіп ілгерілетеді

Фото: Kazakh Tourism

Air Astana, Kazakh Tourism және Қазақстанның бес өңірі 2027 жылы елдің туристік әлеуетін халықаралық нарықта бірлесіп ілгерілету туралы келісімге келді. Тараптар шетелдік туристер ағынын арттыру үшін маркетингтік және коммуникациялық ресурстарын біріктірмек, деп хабарлайды Travelpress.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.

Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге 21 қыркүйекте Алматыда «Эйр Астана» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстары қол қойды.

Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстандағы кіру туризмін дамыту, жолаушылар ағынын ұлғайту және елдің халықаралық туристік нарықтағы позициясын нығайту.

Серіктестік аясында тараптар бірлескен digital-науқандар өткізуді, ірі халықаралық туристік көрмелер мен роуд-шоуларға қатысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шетелдік серіктестер мен БАҚ өкілдері үшін таныстыру сапарлары, B2B іс-шаралар ұйымдастырылып, басым туристік нарықтарға бірлескен талдау жүргізіледі.

«Шетелдік меймандарды тарту – бұл ең алдымен бірлескен еңбектің нәтижесі. Мүмкіндіктерімізді ұлттық әуе компаниясымен және өңірлермен тоғыстыру арқылы біз сыртқы нарықта Қазақстанның танымалдылығын арттырамыз. Бұл қадам елімізге саяхатшылардың тұрақты келуін қамтамасыз етіп, аймақтардағы қызмет көрсету саласы мен бизнестің өркендеуіне жол ашады», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел де ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі кіру туризмін дамыту екенін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанды шетелдік саяхатшылар үшін қолжетімді ету, бай мәдени мұра мен көрікті жерлердің әртүрлілігі туралы хабардарлықты арттыру, сондай-ақ Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілету. Kazakh Tourism және өңірлермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында біз халықаралық маркетингтік іс-шараларда синергияға қол жеткізе аламыз, Қазақстанды және Air Astana желісін неғұрлым тиімді ілгерілетеміз, сондай-ақ қонақтарымыздың саяхатының барлық кезеңінде әлемдік деңгейдегі сервисті қамтамасыз ете аламыз», – деді Ибрахим Жанлыел.

Тараптардың бірлескен жұмысы 2027 жылға жоспарланған және Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға, өңірлердің туристік өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруға және елге қатынайтын әуе бағыттарына сұранысты арттыруға бағытталмақ.
 

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.