Қазақстан мен Грузия туризм мен спорт бағытында ынтымақтастықты күшейтеді

Шетелдік жаңалықтар
30.01.2026
17:26
Қазақстан мен Грузия туризм мен спорт бағытында ынтымақтастықты күшейтеді

Фото: TURIZM INDUSTRIASY KOMITETI
 

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Бұл туралы ҚР Туризм индустриясы комитеті хабарлады.
 

Министр туризм саласы екі ел арасындағы серіктестіктің серпінді әрі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Кейінгі жылдары Грузия отандық туристер үшін танымал бағыттардың біріне айналды. Қазақстан да грузиялық саяхатшылар арасында негізгі бағыттардың бірі саналады. Еліміз шетелдік қонақтарға мәдени-танымдық, этнографиялық, экологиялық және іскерлік туризм бағыттары бойынша кең мүмкіндіктер ұсынады.

«Екі ел арасындағы туристік ағынның артуына әуе қатынасының дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Туристік маусым кезінде Қазақстан қалалары мен Грузияның Тбилиси, Батуми және Кутаиси қалалары арасында шамамен 40 тікелей әуе рейсі жүзеге асырылады. Сонымен қатар екі ел арасындағы визасыз режим де туристер үшін қолайлы жағдай жасап отыр», – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесу барысында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықтың да берік әрі тарихи негізі бар екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Грузия арасында спортшылар мен жаттықтырушылардың тәжірибе алмасуы, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық жарыстарға қатысу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ Грузия спортшылары Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорттық іс-шараларға белсенді түрде қатысып жүр. Олардың қатарында Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, дзюдодан рейтингтік турнирлер, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстар және өзге де беделді бәсекелер бар.

Екі ел өкілдері алдағы уақытта бірлескен жарыстар ұйымдастыру, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, сондай-ақ жаттықтырушылар мен спорт саласындағы мамандар арасында тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін жеткізді.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.