Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге ежелгі Хиуа шаһарының тарихи орталығындағы «Ишан-қала» қалашығына барды, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Ишан қала» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш саналады. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, сондай-ақ алпысқа тарта тарихи және сәулет ескерткіші орналасқан.
Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.
Одан әрі олар «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді.
Содан кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд (1247-1326) кесенесіне зиярат жасап, оның рухына Құран бағыштады. Палуан Махмұд кесенесі өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа да халықтардың мінәжат етіп баратын қасиетті мекені саналады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев хорезм сәулет өнерінің бірегей ескерткіші – Нұролла бай сарайына барды.
Сарай-саябақ кешенін XIX ғасырдың бас кезінде II Мұхаммед Рахым хан өзінің ұлы – хан тағының мұрагері Асфендиярға арнап, хиуалық бай көпес Нұролланың иелігіндегі үлкен бақтың орнына салдырған. Құрылысқа хиуалық шеберлер мен суретшілерден бөлек, Ресейден және Германиядан мамандар алдырған. Дәстүрлі шығыс сәулеті өнері мен еуропалық стильдің әдемі үйлесімі нысанның келбетінен де көрініп тұрады.
Екі ел басшылары Хиуа хандығының бас уәзірі болған Сейіт Ибрагим қожаның үйін, «Беш хаули» кешенін, сарайдағы басқа да бөлмелерді, қонақ күтетін үй-жайларды аралап көрді.
Содан соң президенттер «Өзбек-қазақ суретшілерінің туындыларындағы халықтар бірлігі» бейнелеу өнері көрмесін, «XIX-XX ғасырларда түсірілген фотосуреттердегі Хорезм» көрмесін, соның ішінде өзбек ұлттық фотоөнері мен деректі киносының негізін қалаушы Құдайберген Диуановтың суреттерін тамашалады.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.