«Zhibek Zholy» туристік пойызы наурыз айында сапарға шығады

Қазақстан жаңалықтары
26.01.2026
14:42
«Zhibek Zholy» туристік пойызы наурыз айында сапарға шығады

«Zhibek Zholy» туристік пойызы жобасының кезекті кезеңі наурыз айына жоспарлануда, деп хабарлайды Travelpress.kz.



Орталық Азияда Қазақстан Республикасын, Өзбекстан Республикасын және Тәжікстан Республикасын біртұтас трансшекаралық бағыт аясына біріктіретін «Zhibek Zholy» халықаралық туристік пойызы жобасы жалғасуда.



Жобаның кезекті кезеңін іске асыру 2026 жылғы 20–25 наурыз аралығына жоспарланған. Сапар Ұлы Жібек жолының тарихи бағытымен өтіп, Алматы – Түркістан – Самарқанд – Душанбе – Ташкент – Алматы қалаларын қамтиды.

 



Жоба өңірдің негізгі тарихи-мәдени және рухани орталықтарымен танысуды көздейді, сондай-ақ мемлекетаралық туристік ынтымақтастықты дамытуға және тұрақты трансшекаралық туристік маршруттарды қалыптастыруға бағытталған.



Маршрут аясында қатысушылар түркі әлемінің рухани ордасы – Түркістан қаласына, ислам өркениетінің маңызды тарихи орталықтарының бірі – Самарқандқа, бай мәдени мұрасы бар астана – Душанбе қаласына, сондай-ақ өңірдегі ірі әкімшілік әрі туристік орталық саналатын Ташкентке сапар шегеді. Бағдарламада экскурсиялық қызмет көрсету, тарихи-мәдени мұра нысандарын аралау және маршрутқа қатысушы елдердің дәстүрлерін танытатын мәдени іс-шаралар өткізу қарастырылған.


 


Жоба Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның және «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.