Өткен жылы Венесуэлаға бірде-бір қазақстандық сапарламаған

Қазақстан жаңалықтары
15.07.2024
14:35
Өткен жылы Венесуэлаға бірде-бір қазақстандық сапарламаған
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Боливар Венесуэла Республикасының елшісі Росальба Ло Буэ Антикомен кездесті.
Кездесуде тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Министр венесуэлалықтарды өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елінің одан әрі өркендеуін тіледі.

«Екі елдің де туристік әлеуеті өте зор. Дегенмен, туристік ағын көрсеткіштері айтарлықтай төмен деңгейде екенін байқап отырмыз. Статистика деректері бойынша 2023 жылы Қазақстанға 243 венесуэлалық турист келсе, Қазақстан азаматтары Венесуэлаға сапарламаған», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.



Министр бұл жағдай тікелей рейстердің болмауына және визалық қиындықтарға байланысты екенін атап өтті.
 

«Туристік ағынды ұлғайту және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін осы мәселелерді мұқият пысықтау қажет», - деді Е.Маржықпаев.



Сондай-ақ министр Парижде өтетін Олимпиадада шетелдік спортшыларға жақсы нәтиже көрсетуіне тілектес екенін жеткізді.
Өз кезегінде елші ханым спорт және туризм салаларында ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін бірқатар бастамалар мен жобаларды айтты. Және де өзара іс-қимылдың нақты бағыттары көрсетілетін салалық ведомстволар арасындағы екіжақты құжаттарға қол қоюды ұсынды.
Кездесу барысында Ермек Маржықпаев елшіден Венесуэла спортшыларын 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға қолғабыс етуін сұрады.

Кездесу соңында Ермек Маржықпаев Венесуэланың туристік компания өкілдерін 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Туризм және Саяхат» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.