Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып, туристер саны артып келеді. Елдің әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштері жақсарып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Бұл туралы TravelPress.kz Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде Қазақстан 119 елдің ішінде 52-орынды иеленді. Бұған дейін ел 66-орында болған. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы Қазақстанға туристік мақсатта 15,3 миллион шетелдік келген. Олардың 10,4 миллионы бірнеше күнге аялдап, шетелдік турист санатына енді. Туристердің Қазақстанда орташа болу мерзімі – 4 күн.
Ұлттық банктің мәліметінше, алыс шетелден келген туристер сапары барысында орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды. 2024 жылы шетелдік туристер Қазақстан аумағында 1,2 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Туризм саласындағы инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді. 2019-2024 жылдар аралығында салаға салынған қаражат 550 миллиард теңгеден асты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 947,5 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы салада 87 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың ішінде Шымкент қаласындағы «Махамбет» қонақ үйі, Атырау облысындағы «Keremet Park» отбасылық паркі және Алматы облысындағы «Ақ-Жайық» демалыс аймағы бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуға тиіс. Еліміздің әр өңірінде көрікті жерлер бар. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет», – деді Президент.
Қазақстанда Neo Nomad Visa бағдарламасы іске қосылды. Бұл қашықтан жұмыс істейтін шетелдік мамандарға арналған виза. Оны алған туристер Қазақстанда бір жылға дейін тұрып, шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бағдарлама енгізілген жағдайда жыл сайын 500 адам осы визаны алса, экономикалық әсер шамамен 3,6 миллиард теңгені құрауы мүмкін.
Қазақстан халықаралық туристік рейтингтерде де аталып өтуде. The New York Times басылымы Алматыны әлемнің үздік 52 туристік бағыты қатарына енгізді. Lonely Planet журналы Қазақстанды 2025 жылы саяхаттауға тиіс елдердің тізіміне қосты. Conde Nast Traveller Italia журналы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын үздік 5 туристік дестинация қатарына енгізді. CNN Travel басылымы Қазақстанды 2025 жылы баруға тұрарлық 25 бағыттың бірі ретінде атады.
Қазақстанда туризм саласын дамытуға арналған жобалар жалғасуда. 2027 жылға дейін жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 181 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Щучье-Бурабай курорттық өңірі, Маңғыстау курорттық өңірі және Алматы тау кластері басым туристік аймақ ретінде белгіленді.
Ішкі туристер санын 11 миллион адамға жеткізу, орналастыру орындарының төсек-орын қорын 280 мыңға дейін ұлғайту, сондай-ақ барлық қонақ үйлерді eQonaq ақпараттық жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде әлемнің үздік 50 елінің қатарына кіруді мақсат етіп отыр.
Оқи отырыңыз: Елімізде қосымша әуе рейстері іске қосылады