Елімізде туристерге арналған 13 локация бар

Қазақстан жаңалықтары
12.12.2025
12:20
 Елімізде туристерге арналған 13 локация бар

Қыс мезгілінің басталуымен тау шаңғысы курорттарында демалуға қызығушылық артады, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Елімізде туристер үшін шаңғы, сноуборд және басқа да қысқы белсенділіктерге арналған 13 локация бар.


 

Алматы қаласы

«Шымбұлақ» - еліміздегі танымал тау-шаңғы курорты. Ұзындығы 20 шақырымды құрайтын әртүрлі деңгейдегі трассалар, аспалы жолдар, жалға беру пункттері бар. Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасын көруге болады. Қосымша белсенділіктер: zipline, атқа міну, конькимен сырғанау, парапланмен ұшу.


 

«Pioneer» отбасылық тау курорты ұлттық саябақ аумағында 2000 метрден астам биіктікте орналасқан. Трассалардың жалпы ұзындығы – 3000 метр. Олар әуесқойлар мен тәжірибелі спортшыларға да қолайлы. Курорт жыл бойы жұмыс істейді. Қосымша: белсенділіктер: табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар, жабдықтарды жалға алу қолжетімді.


 

Алматы облысы

«Оi-Qaragai» отбасылық тау курортында жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 15 трасса бар. Аумағында мейрамханалар, қонақ үй және ойын-сауық алаңдары қызмет көрсетеді. Қосымша белсенділіктер: арқан саябағы, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол, экскурсиялар.


 

«Ақ Бұлақ» әртүрлі дайындық деңгейіне арналған трассалар ұсынады, фрирайд үшін де қолайлы. Трасса ұзындығы 2500 метрге дейін жетеді, көтерілу уақыты 8–13 минут. Қосымша мүмкіндіктер: санаторий-курорттық сауықтыру бағдарламалары, квадроциклдер. 



Ақмола облысы

Өңір бірнеше қысқы туризм нысандарын ұсынады.

«Orman Ski Resort» Щучинск-Бурабай курорт аймағында орналасқан. Кешенде жалпы ұзындығы 800 метрлік трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру, жабдықты жалдау және нұсқаушылар бар. Белсенділіктер: шаңғы, сноуборд, тюбинг, шанамен сырғанау, қарағайлы орманда серуендеу.


 

«Elikti Park» Көкшетау қаласынан 25 шақырым жерде Зеренді ауданында орналасқан. Ұзындығы 4 шақырымға дейінгі трассалар, бугельді және кресельді көтергіштер, жабдық жалдау және қысқы ойын-сауық аймақтарын ұсынады. Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, коньки тебу, таза ауада серуендеу.


 

«Нұртау» базасы Щучинск–Бурабай курорттық аймағында орналасқан. Трасса ұзындығы - 800 метр. Аспалы жол,мен сырғанау орындарымен және сноутюбтарға арналған көтергішпен жабдықталған. 


 

ШҚО

«Алтай Альпі» Өскемен қаласынан 24 км жерде орналасқан. Ұзындығы 4,5 шақырымға дейін жететін 12 еңіс бар. Жұмыс мерзімі қарашадан сәуірге дейін жалғасады. Нұсқаушылар қызметі, жалға беру пункттері қолжетімді. Қосымша белсенділіктер: пантотерапия,  балық аулау, атпен серуендеу, арқан саябағы.


 

«Нұртау» облыс орталығынан 35 км қашықтықта орналасқан. Трасса ұзындығы – 2 000 м. Қонақтарға екі негізгі және бір оқу трассасы ұсынылады, фрирайд аймақтары,  коттедждер мен балалар бақшасы қарастырылған.Белсенділіктер: тюбинг, монша, ошақ алаңы, экскурсиялар.


 

Риддер қаласы маңындағы тау шаңғысы орындары:


Stardust Camp – Верхняя Хариузовка ауылында орналасқан. Трасса ұзындығы 1 000 м, бугельді көтергішпен жабдықталған. Қонақ үй және глэмпинг бар. Қосымша белсенділіктер: тюбинг, сырғанақ


 

«Эдельвейс» – түрлі деңгейдегі трассалар, слаломға арналған сертификатталған түсу еңістері бар. Трасса ұзындығы –1300 м. Қосымша: тауға шығу, конькимен сырғанау.


 

Түркістан облысы

Жыл бойы жұмыс істейтін «Алатау» курорты Төле би ауданының Нысанбек ауылында орналасқан. Трасса ұзындығы – 1 800 м. Белсенділіктер: шаңғы, сноуборд, тюбинг, қарда жүру көлігі, қарда жүруге арналған арнайы құралдар, атпен серуендеу маршруттары.


 

Павлодар облысы

«Мырзашоқы» тау шаңғысы базасы Қаражар ауылына жақын жерде орналасқан. Трасса ұзындығы - 960 метр. Аспалы жол және жабдық жалдау пункті бар. Базада тұру қарастырылмаған.

Қосымша белсенділіктер: тюбинг, таза ауада серуендеу, қарда жүру көлігі, қысқы пикниктер мен экскурсиялар.

 

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.