Каспий мен Бозжыра – Димаштың халықаралық жобасының түсірілімі еліміздің ең көрікті жерлерінде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Voice Beyond Horizon музыкалық жобасы – Димаш Құдайберген мен Hunan Broadcasting System бірлесіп жүзеге асырып жатқан бастама. Бұл жоба Қазақстанды миллиондаған көрерменге жоғары туристік әлеуеті бар ел ретінде танытады.
Халықаралық жобаның түсірілімі Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Шоудың финалы елордада ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Димаш Құдайберген мен жобаға қатысушылар Түркістан облысынан Ақтау қаласына ат басын бұрды. Түсірілім аясында Каспий теңізінің жағалауында және Қазақстанның ең әсерлі табиғи мұраларының бірі – Бозжыра шатқалында өнер көрсету жоспарланған.
Түсірілімге Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушылар қатысып жатыр. Қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.
Жобаға Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдау көрсетіп жатыр.