Алматы Оңтүстік Кореяның іскерлік туризм нарығына қадам басып жатыр

Алматы Оңтүстік Кореяның іскерлік туризм нарығына қадам басып жатыр
Фото: Visit Almaty

Алматы 17-19 қараша аралығында Сеулде өтіп жатқан іскерлік туризм индустриясының халықаралық Korea MICE Expo 2026 көрмесінде әлеуетін таныстырып жатыр. Бұл туралы TravelPress.kz Almaty Tourism Bureau-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Almaty Tourism Bureau халықаралық қатысушыларға қалада конференциялар, көрмелер, корпоративтік іс-шаралар өткізу және ынталандыру сапарларын ұйымдастыру мүмкіндіктерін ұсынып отыр.

Көрме аясында Оңтүстік Кореяның туристік компанияларымен, MICE агенттіктерімен және корпоративтік тапсырыс берушілермен B2B келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келіссөздер Алматыға іскерлік сапарлар ұйымдастыру, халықаралық іс-шараларды өткізу және ортақ туристік бағдарламаларды әзірлеу мәселелеріне бағытталған.

Көрме Сеулдегі жаңа Coex Magok конгресс-орталығында өтіп жатыр. Биылғы Korea MICE Expo көрмесіне 12 елден 311 ұйым мен компания қатысуда. Бұл халықаралық деңгейде іскерлік байланыс орнатып, жаңа серіктестіктерге жол ашатын маңызды алаң саналады.

Алматының іскерлік туризмдегі артықшылығы

Алматының басты артықшылықтарының бірі: іскерлік іс-шараларды туристік демалыспен қатар ұйымдастыру мүмкіндігі. Қаладағы заманауи қонақ үйлер, халықаралық жиындар мен көрмелерге арналған алаңдар, гастрономия және мәдени орта, сондай-ақ таудың жақын орналасуы шетелдік қонақтарға мазмұнды демалыс ұсынуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Корея Алматыға туристер көп келетін негізгі елдердің бірі. 2025 жылы Корея Республикасынан қалаға 23,2 мың адам келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15,3%-ға жоғары. Кореялық туристер қызығушылығының артуы Алматының іскерлік туризмін дамытуға, корпоративтік топтарды тартуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге жол ашады.

Материалда Almaty Tourism Bureau деректері пайдаланылды.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.