Air Astana алыс бағыттарға арналған Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарына тапсырыс берді

Қазақстан жаңалықтары
07.11.2025
17:27
Air Astana алыс бағыттарға арналған Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарына тапсырыс берді

Air Astana алыс бағыттарға арналған флотын кеңейту үшін Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарына жаңа тапсырыс берді, деп хабарлайды Travelpress.kz.

 

Air Astana әуе компаниясы Boeing компаниясымен 15 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойғанын хабарлайды. Әуе компаниясы тарихындағы бұл ең ірі тапсырыс: оған расталған бес ұшақ, бес опцион және бес сатып алу құқығы кіреді. Келісімшартты Air Astana директорлар кеңесі мақұлдап, қазіргі уақытта қажетті корпоративтік рәсімдер аяқталу үстінде.

 

Бұл тапсырыс 2026-2027 жылдары жеткізілуі жоспарланған үш Boeing 787-9 ұшағына қатысты келісімшартты толықтырады. Осылайша, жалпы тапсырыс көлемі 18 әуекемесіне дейін ұлғайды. Жаңа ұшақтар 2032-2035 жылдар аралығында жеткізіледі. Қозғалтқыштарымен қоса есептегенде, Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының 18 данасының жалпы құны 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.

 

«Air Astana алдағы онжылдықта Орталық Азия мен Кавказ өңірінен Азияға, Еуропаға және әлемнің басқа аймақтарына ұшу мүмкіндіктерін кеңейту стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Келесі жылы алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының жеткізілуі компания дамуының жаңа кезеңін ашады. Dreamliner жайлы салонымен, отын үнемділігімен және әртүрлі бағыттарда тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін икемділігімен ерекшеленеді. Бұл үлгідегі 18 ұшақтан тұратын флот жолаушыларымызға қызмет пен жайлылықтың жаңа деңгейін ұсынады.» - деді Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер.

 


Air Astana компаниясы Boeing әуе кемелерін ұзақ жылдар бойы сәтті пайдаланып келеді. Компания өз қызметін 2002 жылы Boeing 737-700/800 ұшақтарымен бастап, Қазақстан ішіндегі және Орталық Азия елдеріне рейстер орындады. 2003 жылы флотқа Boeing 757-200 ұшақтары қосылып, Азия мен Еуропа бағыттарына алыс рейстер ашылды. Boeing 737 және Boeing 757 ұшақтары 2007 және 2020 жылдары пайдаланудан шығарылды. 2013 жылы компания әуепаркі үш жаңа Boeing 767-300ER ұшағымен толықты, олар бүгінде халықаралық және сұранысы жоғары ішкі бағыттарда қолданылады.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.